Уақтылы аяқталған науқан: «UNITE-ИНВЕСТ» ЖШС-інде 7 мың тоннаға жуық астық бастырылды

Уәлиханов ауданындағы «UNITE-ИНВЕСТ» ЖШС-інде егін жинау науқаны аяқталды. Биыл шаруашылық ауыл шаруашылығы дақылдарын 5 мың гектардан астам алқапқа орналастырған. Оның негізгі бөлігін, яғни 4 мың гектардан астамын дәнді дақылдар құраса, тағы 800 гектарға жуық жерге майлы дақылдар егілген, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Алғашқы комбайндар егістікке тамыз айының басында шыққан. Егін жинау кезінде күн сайын оннан астам астық жинайтын техника жұмылдырылды. Жиналған астық қырманға жеткізіліп, сол жерде тазаланып, кептірілді. Дайын өнім партиялары кейін элеваторға жөнелтілген.
Шаруашылықта маусымдық жұмысшылар үшін қажетті жағдай жасалған. «UNITE-ИНВЕСТ» ЖШС-інің қызметкері Жасұлан Баймұханов биыл бұл кәсіпорындағы алғашқы еңбек маусымы екенін айтады.
Жасұлан БАЙМҰХАНОВ, «UNITE-ИНВЕСТ» ЖШС қызметкері:
«Мұнда бірінші жыл жұмыс істеп жатырмын. Бұған дейін басқа жерде еңбек еттім. Тамақтану жақсы – күніне төрт мезгіл. Жалақы да уақытылы беріледі, шағым жоқ. Жұмыс істеуге деген ниет бар. Ұжым да тату».
Қуаңшылыққа толы жаз шаруалар үшін үлкен сынақ болды. Соған қарамастан, шаруашылықта жақсы нәтижеге қол жеткізілді. Атап айтқанда, бидайдан үшінші сынып талаптарына сай өнім алынған. Кәсіпорынның бас агрономы Жанбота Ережеповтің айтуынша, зығырдан да жоғары көрсеткіштер тіркелген.
«Өткен жылмен салыстырғанда, біз үшін нәтиже жақсы болды. Зығырдан гектарына 11 центнерден өнім алдық. Ал жекелеген алқаптарда бұл көрсеткіш 16–17 центнерге жетті. Мұны жақсы нәтиже деп есептеймін. Өнімнің өтімділігі жоғары, сапасы да жақсы».
Нәтижеге ауа райы мен агротехнология талаптарының сақталуымен қатар, қажетті ресурстардың уақытылы жеткізілуі де әсер еткен. Кәсіпорын өкілдері тыңайтқыш сатып алуға және арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік қолдаудың маңызын атап өтті.
«UNITE-ИНВЕСТ» ЖШС директорының орынбасары Жармұханбет Ибрагимов биыл Оралдан жеткізілген тыңайтқыштардың зығыр алқаптарына енгізілгенін айтты.
Жармұханбет ИБРАГИМОВ, «UNITE-ИНВЕСТ» ЖШС директорының орынбасары:
«Мемлекеттің қолдауының арқасында зығырға қолданған тыңайтқыштар және арзандатылған дизель отынын алдық. Бұл біз үшін үлкен көмек. Жыл сайын аммофос алып келдік. Ал биыл Оралдан тыңайтқыштар алдық. Сапасы жақсы. Оларды зығыр алқаптарына енгіздік. Бізде канадалық «Северная Дакота» сорты болды».
Мемлекеттік қолдау шаруашылыққа ауыл шаруашылығы техникаларының паркін біртіндеп жаңартып, еңбек жағдайын жақсартуға да мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы, маусым қорытындысы бойынша «UNITE-ИНВЕСТ» ЖШС-інде 7 мың тоннаға жуық астық бастырылды.
