СҚО-да жеке сот орындаушысының заңсыз қаулысы жойылды

Солтүстік Қазақстан облысында сот жеке сот орындаушысының борышкерден өндірілген қаражатты өзінің қызметіне ақы төлеуге бөлу туралы қаулысын заңсыз деп таныды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Сот анықтағандай, жеке сот орындаушысының өндірісінде 47 атқарушылық іс болған. Олар қылмыстық іс бойынша жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге, сондай-ақ қалалық соттың №2 сотының шешімдерін орындауға қатысты.
Атқарушылық іс жүргізу барысында борышкердің мүлкі электронды аукцион арқылы сатылған. Осыдан кейін жеке сот орындаушысы аталған атқарушылық істер бойынша талаптарды өндіруге қосып, әрбір өндіріп алушы бойынша өз қызметіне ақы төлеу мөлшерін жеке-жеке белгілеген. Берешек сомасына қарай бұл көрсеткіш 10-нан 15 пайызға дейін болған. Борышкерлердің бірі мұндай есептеумен келіспей, сотқа жүгінген.
«Бірінші сатыдағы сот талапкердің талабын қанағаттандыра отырып, дауланып отырған қаулының Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 118-бабының 1 және 2-тармақтарының талаптарына, сондай-ақ 2023 жылғы 27 маусымдағы №416 «Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін бекіту туралы» бұйрықтың талаптарына сәйкес келмейді деген қорытындыға келді. Себебі жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшері бір атқарушылық іс жүргізу шеңберінде есептелуге тиіс болған», – делінген соттың баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұл қорытындымен облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы да келісті. Апелляциялық сатыда мүлік бір атқарушылық іс жүргізу шеңберінде сатылғаны атап өтілді. Сондықтан жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшері де сол іс бойынша өндірілетін жалпы сома негізінде айқындалуы тиіс болған.
«Жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізу шеңберінде төленетін жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасы мүліктік (ақшалай) сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша өндіріп алу сомасына байланысты белгіленетінін көздейтін бұйрық талаптарын басшылыққа алуға міндетті болды.
Атқарушылық іс жүргізу бойынша өндіріп алудың жалпы қалдық сомасы 20 000 АЕК-тен асатынын ескере отырып, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасы өндіріп алынатын соманың 3 пайызын құрауға тиіс», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, сот алқасы заңнаманы бірыңғай қолдану қажеттілігіне назар аударды. Істі қарау кезінде жоғары тұрған соттардың шешімдері ескерілді. Оларда атқарушылық іс жүргізулерді біріктірмеу және сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау мәселесіне қатысты құқықтық баға берілген.
Нәтижесінде апелляциялық саты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.
