Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелін өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелін өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Қазақстан Республикасының бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» бабы бойынша тергелуде, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев әйелін өлтірді деген хабар елді елең еткізді.

2023 жылы 9 қарашада экс-министрді елордалық мейрамханалардың бірінде әйелін өлтірді деген күдікпен полиция ұстаған. Бұл туралы бірнеше қазақстандық Telegram арна хабарлады. Содан кейін полиция баспасөз-релизін жариялап, әйелдің ұрып-соғу салдарынан қайтыс болғанын растады, бірақ марқұм мен ұсталған адамның аты-жөнін айтудан бас тартты. Елордалық денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем шақырту сағат 19:54-те түскенін хабарлады. Оқиға орнынан дәрігерлер 1992 жылы туған әйелдің денесін тапты. 10 қарашада Ішкі істер вице-министрі Сәкен Сәрсенов Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады. Ол бұрынғы министрдің есірткі немесе алкогольдік масаң күйде болғаны туралы қауесетке түсініктеме беруден бас тартты.

ҚР бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. «Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелдің өлімі ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі бойынша тергелуде», – дейді полиция. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде «Адам өлтіру, яғни қасақана бөтен адамның өліміне әкеп соғу – сегіз жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеледі» деп көрсетілген.

Кейін марқұмның есімі Салтанат Нүкенова екені анықталды. Салтанат Нүкенова 1992 жылы Павлодарда дүниеге келген, астрология мамандығы бойынша білім алған. Өз ортасынан алынған мәлімет бойынша, ол Қуандық Бишімбаевқа 2022 жылдың күзінде тұрмысқа шыққан.

Қуандық Бишімбаев немен танымал?

Қуандық Бишімбаев 1980 жылы 11 сәуірде дүниеге келген.

Қуандық Бишімбаев 2009-2010 жылдары Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың көмекшісі болып жұмыс істеді, әртүрлі уақытта Сауда және экономикалық даму министрінің орынбасары, «Самұрық-Қазына» қоры басқарма төрағасының орынбасары сынды жоғары қызметтерді атқарды.

2013-2016 жылдары «Бәйтерек» АҚ басқарма төрағасы болды.

2016 жылы Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. 2017 жылы ол атышулы сыбайлас жемқорлық дауына байланысты ұсталды. 2018 жылдың наурыз айында ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. 2019 жылы экс-шенеунік босатылды.

 

 

 

 

Shares