СҚО-да 21 000-нан астам абонент жарықсыз отыр
Өткен демалыс күндеріндегі ауа райы теріскейліктерге көптеген қолайсыздықтар әкелді. Ауа райының нашарлауына байланысты республикалық, сондай-ақ облыстық жолдардың 9 учаскесін жабуға тура келді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Ауа райының қолайсыздығына тап болғандар жақын маңдағы елді мекендерде тоқтауға мәжбүр болды. Құтқарушылар жылыту пункттерін жедел орналастырды. Бір күнде барлығы 60-тан астам адам жүгінді.
Ешқандай оқыс оқиға болған жоқ. Қарлы боран салдарынан малға барған үш бақташы адасып кетті. Оларды құтқарушылар іздеді. Абырой болғанда, бәрі табылды, үйлеріне аман-есен оралды.
“СҚО елді мекендерін электрмен жабдықтауға келсек, 18 қарашада облыстың 11 ауданында электр қуаты болмады. Бұл – 217 елді мекен. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда, бірақ соған қарамастан 10 ауданда – 150 елді мекенде мәселе қалып отыр. СҚО-да 21 000-нан астам абонент жарықсыз отыр”, – дейді СҚО ТЖД ТЖ алдын алу бөлімінің бастығы Сәкен Ағзамов.