Петропавлда заңсыз еңбек мигранттары анықталуда
Петропавлдағы құрылыс алаңдарының бірінде шетелдіктердің еңбегі заңсыз пайдаланылған. Полицейлер Өзбекстанның үш азаматын анықтады. Олар тиісті рұқсатсыз жұмыс істепті. Көрші елдің тұрғындарына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі 517-бабының 5-бөлігі бойынша материал жиналды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Көп ұзамай заңсыз жұмыс істеген тағы екі адам анықталды. Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтарын тәртіп сақшылары Петропавл базарларының бірінде анықтады. Жосықсыз жұмыс берушілер де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
“Бұл бұзушылықтар 20 қарашада басталған “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу шеңберінде анықталды. ЖААШ барысында шетелдіктердің еңбегі заңсыз пайдаланылатын объектілер жиі тексеріледі: құрылыс алаңдары, базарлар, ауылшаруашылық кәсіпорындары. ҚР-да болу ережелерін бұзғаны үшін 21 шетелдік жазаланды. Сонымен қатар, өз міндетін орындамаған 11 ҚР азаматы жазаға тартылды”, — деп атап өтті СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының м.а. Ермек Нұсұрбаев.