Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда екі балабақша салынады

Петропавлда екі балабақша салынады

Биыл СҚО бюджетінің үштен бір бөлігі білім саласын дамытуға бағытталды. “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында үш жыл ішінде облыста 2700 орынға шақталған 4 мектеп салынбақ, ал Петропавлда екі балабақша салу жоспарланған, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Астанада өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов атап өткендей, қабылданған шаралар балалардың 95% мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуға мүмкіндік береді.

“Бүгінде біздің облыста 457 мектепке дейінгі мекеме бар. 26 мың бала балабақшаға барады. 0-ден 6 жасқа дейінгі 3 760 бала кезекте тұр. Биыл Петропавлда жұмыс істеп тұрған балабақшалар есебінен қосымша 410 орын ашылды”, – деді аймақ басшысы.

Ғауез Нұрмұхамбетов соңғы жылдары қалада балабақша салу жобасы жүзеге асырылмағанын атап өтті.

“Сондықтан екі балабақша салынады. Бірі 280 орындық болса, екіншісі 150 орындық болмақ. Қазіргі таңда бір жобаны жүзеге асыру басталды. Екіншісіне келетін болсақ, алдымызда үйлерді бұзу, адамдарды көшіру мәселесі тұр. Содан кейін сол жерде балабақша салу жоспарланған. Себебі облыс орталығында белгілі бір әлеуметтік нысандарды салу үшін бос учаскелер жоқ. Келесі жылы тапсырылатын екі бақшаны салу есебінен біз өңірде балабақшамен қамтамасыз ету көрсеткішін 93,5% жақындатамыз”, – деді СҚО әкімі.

 

Shares