Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл полицейлері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында мыңнан астам құқық бұзушылық фактісін тіркеген

Петропавл полицейлері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында мыңнан астам құқық бұзушылық фактісін тіркеген

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Заңсыз әрекеттердің негізгі құрбандары – әйелдер мен балалар. Бүгінгі таңда Петропавл қалалық полиция басқармасында түрлі санаттар бойынша 2362 адам профилактикалық есепте тұр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин мәлімдеді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

2023 жылдың басынан бастап Әкімшілік кодекстің 73-бабы бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 1 141 құқық бұзушылық тіркелді. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 89 адам жауапқа тартылды. Ұрып-соғу үшін 3 петропавлдық әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында алкогольдік ішімдік ішетін және қоғамдық орында мас күйде жүретін 4970 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 367 адам әкімшілік қамауға алынды.

“Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту жөнінде шаралар әзірледі, оның ішінде: 1 шілдеден бастап отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер жасаған тұлғаға әкімшілік және қылмыстық жауаптылық күшейтілді. Сондай-ақ, полиция өтініш беруден тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтау сипатына көшті. Сонымен, отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамалады. Жағдай қайталанса – 10 тәулік қамақ. Ұрып-соғу үшін 10 тәулік қамауға алу көзделген. Жағдай қайталанса – 20 тәулік қамақ. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін – 15 тәулік қамақ, ал бұзушылық қайтадан тіркелсе, 25 тәуліктік қамауға алу қарастырылған. Қорғаныс нұсқамасын бұзғаны үшін 10 тәулікке және ерекше талаптарды бұзғаны үшін 10 тәулікке қамауға алу көзделеді”, – деп атап өтті Әлібек Ғабдуллин.

Shares