Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Қазақстанда 2024 жылдан бастап жәрдемақылар, бюджетке төленетін төлемдер мен ең төменгі жалақы мөлшері қанша пайызға өседі?

Қазақстанда 2024 жылдан бастап жәрдемақылар, бюджетке төленетін төлемдер мен ең төменгі жалақы мөлшері қанша пайызға өседі?

Қазақстанда АЕК пен өмір сүру минимумы 7% өседі. Осыған байланысты жәрдемақылар мен бюджетке төленетін төлемдер де артады. Ең төменгі жалақының өсімі 20 пайыздан асады деп хабарлайды QZ Media тілшісі NUR.KZ. порталына сілтеме жасап.

Қазақстанда «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң бекітілді. Құжатта 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енетін көрсеткіштердің жаңа мөлшері көрсетілген.

АЕК қаншаға өседі?

Келесі жылы айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) мөлшері 7 пайызға артып, 3450 теңгеден 3692 теңгеге дейін өседі. Сәйкесінше, АЕК арқылы есептелетін төлемдер артады. Мысалы, арнайы мемлекеттік жәрдемақылар, балалы отбасыларға немесе туыстарын жерлеуге арналған материалдық көмек мөлшері ұлғаяды. Естеріңізге сала кетейік, айлық есептік көрсеткіштер арқылы бюджетке төленетін төлемдер де есептеледі: айыппұлдар, мемлекеттік баж салығы, кейбір салықтар, ақылы жолдармен жүру ақысы. Яғни, олар да келесі жылдан бастап 7 пайызға артады.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі қанша болады?

Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы 43 407 теңге болады. Қазіргі сомма – 40 567. Осы өзгеріске байланысты кейбір жәрдемақы мөлшері артады. Мысалы, мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша тағайындалатын төлем ұлғаяды.

Ең төменгі жалақы қалай өзгереді?

Заң жобасын әзірлеу барысында ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) 2023 жылғы деңгейде қалдыру жоспарланған болатын – 70 мың теңге. Бірақ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оны 85 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл мөлшер 2024 жылға бекітілген. Нәтижесінде ең төменгі жалақы 21,4 пайызға артады. Осының арқасында елдегі 1 миллион 800 мың қызметкердің табысы көбейеді.

Қоса кетейік, әлеуметтік аударымдарды есептеу деңгейінің шекті шамасы да артады. Яғни кейбір қазақстандық азаматқа кейіннен қазіргіден жоғары әлеуметтік төлемдер тағайындалуы мүмкін. Сонымен бірге, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша тағайындалған әлеуметтік төлемдер де 7% артуы тиіс екенін еске саламыз.

Shares