Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда жылу желілерінің тозуын 15% азайту көзделіп отыр

Петропавлда жылу желілерінің тозуын 15% азайту көзделіп отыр

“Петропавл жылу желілері” ЖШС тиесілі жылу желілерінің жалпы ұзындығы 229,3 километрді құрайды. Тозу – 72,16%. Бұл көрсеткішті төмендету үшін ағымдағы жылы 8 километрден астам желіге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді, 51 станцияда сорғы жабдығы жөнделді және 3,8 километрде жылу оқшаулау қалпына келтірілді. Бұл туралы баспасөз мәслихаты барысында Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев айтты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Жылу желілерінің жағдайын жақсарту үшін биыл екі жылу магистралінің құрылысы бойынша жоба басталды. Бұл “Орман”, “Борки” сынды шағын аудандарда орналасқан көппәтерлі үйлер мен жеке баспаналарды орталықтандырылған жылумен жабдықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жаңа кәсіпкерлік субъектілері мен өнеркәсіптік орындары қамтылады. Жылу магистральдарының жалпы ұзындығы шамамен 6 км құрайды. Жоба 2 жылда жүзеге асырылады.

“Бұдан бөлек,” Береке” шағын ауданында 2Ду 100мм жылу желісі 2Ду 250мм жылу желісіне ауыстырылды. Бұл салынып жатқан өрт сөндіру депосын жылуға қосуға және қолданыстағы көпқабатты үйлерді жылумен жабдықтау параметрлерін жақсартуға мүмкіндік берді. Қазір ұзындығы шамамен 2 км болатын №2 жылу магистралін салу бойынша жоба әзірленіп жатыр. Оны келешекте қаржыландыру үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өтініш береміз”, – деп толықтырды қала әкімі.

Желілерді жөндеуге кезең-кезеңмен кірісу керек, бұл мәселе бір жылда шешілмейді, деп те атап өтті Серік Мұхамедиев. Петропавл әкімдігі “Петропавл жылу желілері” ЖШС бірлесіп, жылу желілерін күрделі және ағымдағы жөндеу бойынша 2024-2029 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі. Ол тозуды 15% азайтуға мүмкіндік береді.

Shares