Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » «Asyl Farms» серіктестігінде 200 жұмысшы 58 мың гектар алқаптағы егінді жинап жатыр

«Asyl Farms» серіктестігінде 200 жұмысшы 58 мың гектар алқаптағы егінді жинап жатыр

September 15, 2026 09:41

 

Шал ақын ауданында орақ науқаны қызу жүріп жатыр. «Asyl Farms» серіктестігінде биыл шамамен 58 мың гектар алқаптағы егін жиналуда. Шаруашылықта жаздық бидай, күнбағыс, рапс, картоп және жүгері өсіріледі, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Егіс алқаптарының басым бөлігін дәнді және майлы дақылдар құрайды.

«Asyl Farms» серіктестігінің бас инженері Самат Мұқатаевтың айтуынша, шаруашылық мемлекеттік қолдау тетіктерін белсенді пайдаланады.

«Биыл 22,5 мың гектарға күнбағыс, 22 мың гектарға жаздық бидай, 12,5 мың гектарға рапс, 78 гектарға картоп және 56 гектарға жүгері ектік. Мұның барлығы мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидияланады. Біз осы мүмкіндіктерді пайдаланып отырмыз. Мемлекеттің қолдауынсыз, мемлекеттік бағдарламаларсыз ауылда жұмыс істеу қиын болар еді», – дейді ол.

Қазір механизаторлар рапс жинауға кіріскен. Бұл дақылға шаруашылықта шамамен 13 мың гектар жер бөлінген. Оның тең жартысына жуығы орылып үлгерді. Орташа өнімділік гектарына 15 центнерді құрайды. Рапс жинау аяқталған соң техника бидай мен күнбағыс алқаптарына көшіріледі.

Орақ науқанына 200-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған. Алқаптарда 35 астық жинайтын комбайн мен 22 трактор жұмыс істеп жатыр. Трактор паркінің басым бөлігін «Claas» техникалары құрайды. Қазір механизаторлардың үйлесімді жұмысы мен техниканың ақаусыз болуы науқанды уақытылы аяқтауда маңызды рөл атқарады.

Кәсіпорын жұмысшыларының бірі – механизатор Жанабай Нұғыманов шаруашылықта сегіз жылдан бері еңбек етіп келеді. Биылғы науқанда да ол комбайн операторы ретінде жұмыс істеп жүр.

«Жалақымызды уақытылы аламыз. Техника автоматтандырылған, ең бастысы – оны дұрыс баптау. Қазір рапс жинап жатырмыз», – дейді механизатор.

Егін жинау жұмыстары жалғасуда. Шаруашылық мамандары қолайлы ауа райының әр күнін тиімді пайдалануға тырысып отыр. Алда бидай мен күнбағыс алқаптарындағы ауқымды жұмыс күтіп тұр.

Shares