Петропавлдағы сенбілік агрожәрмеңкелерде қандай өнімдерге сұраныс жоғары

Петропавл қаласында сенбі таңы қызу басталды. Облыс орталығының тұрғындары дәстүрлі апталық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне ағылды. Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданынан келген өндірушілер жергілікті базарларда өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
«Дария» базарында Мамлют ауданының өкілдері өнімдерін сатылымға шығарды. Жәрмеңке қала тұрғындары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Ұсынылған тауар түрлері кең болды: сүт өнімдерінен бастап, еттің сан алуан түріне дейін. Ең бастысы — барлық өнімдер қолжетімді бағамен, яғни нарықтық бағадан 10–15 пайызға төмен сатылды.
Сондай-ақ әкелінген құс өнімдеріне де сұраныс жоғары болды. Еске салайық, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өндірушілерге тауарлық несие ретінде жас қаздар берілген еді — облыс бойынша барлығы 13 205 құс.

«Біз сүт және ет өнімдерін әкелеміз. Бұл жолы “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша тауарлық несие ретінде қаздар алдық. Бір келісі — 2 200 теңге. Құсты тез алып кетеді. Ең үлкен сұраныс сүт өнімдеріне — сары май, сүзбе, сүтке. Мұның бәрін қала тұрғындары жақсы алып жатыр», — деді Мамлют ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Жиенбай Боранбаев.
Мамлют ауданының өкілдері облыс орталығы тұрғындарының қандай өнімдерді жиі сатып алатынын да айтып өтті.
«Негізінен тұрғындар көбірек сүт әкелуімізді сұрайды. Петропавлдықтар біздің ауылдың қаймағын өте жақсы көреді. Біз әр апта сайын келеміз. Барлық өнімдеріміз қолжетімді бағамен — бәрі үйде дайындалған, сапалы», — деп бөлісті Жанна Әбілмажинова.
