ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров СҚО-ның егін орағына дайындығын бағалады

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдің алдағы егін орағы науқанына дайындығымен танысты. Бағдарлама аясында министр Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралап, егіс алқаптарын көріп, шаруа қожалықтары мен аграрлық кәсіпорындардың басшыларымен кездесті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Егіс алқаптарының бірінде министр «Омбы-35» сұрыпты бидайдың жай-күйін бағалады. Мамандардың айтуынша, биыл бұл дақылдың орташа өнімділігі гектарына 30 центнерге дейін жетіп, мол өнім алуға мүмкіндік беріп отыр.
Аграрлық сала өкілдерімен өткен кездесуде шаруашылықтардың егін жинау науқанына дайындығы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету және ең жауапты кезеңде жұмыстарды үздіксіз ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
«Аграрийлер үшін егін жинау жұмыстарын сапалы өткізуге барлық қажетті жағдай жасалған. Жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылды, арзандатылған дизель отыны жеткізілуде, машина-трактор паркі жаңартылып, техникалық сервистік қолдау көрсетілуде. Егін орағын ұйымшылдықпен өткізіп, жиналған өнімнің сақталуын және астық сапасының жоғары болуын қамтамасыз ету қажет», – деді Айдарбек Сапаров.
Министр егін жинаумен қатар заманауи агротехнологияларды енгізуді, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруды, жемшөп базасын нығайтуды және мемлекеттік аграрлық саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналатын мал шаруашылығын дамытуды жалғастырудың маңызын атап өтті.
Жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы бойынша салынған «Нежинка-Ерке» ЖШС-нің сүт-тауар фермасында болды. Заманауи кешен 800 бас ірі қара малды ұстауға есептелген.
Кәсіпорынның ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы көлемі 28,2 мың гектарды құрайды. Биыл оның 15,6 мың гектарына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 3,8 мың гектарына майлы дақылдар, 1,9 мың гектарына мал азығы дақылдары егілген. Шаруашылықта 37 астық жинайтын комбайн, түрлі үлгідегі 60 трактор және маусымдық жұмыстарды жүргізуге қажетті басқа да заманауи техника бар.
Солтүстік Қазақстан облысы дәстүрлі түрде еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі әрі ең ірі астық өндіруші аймақ болып саналады. Биыл егін жиналатын жалпы алқап көлемі 4,3 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде 2,9 миллион гектары дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға тиесілі.
Өңірде майлы дақылдардың егіс алқабы да ұлғаюда. Бұл көрсеткіш қатарынан екінші жыл өсіп келеді. Биыл олардың көлемі шамамен 1,3 миллион гектарға жетіп, Қазақстандағы ең жоғары көрсеткішке айналды.
Облыста күздік дақылдарды жинау жалғасуда. Былтырмен салыстырғанда олардың егіс көлемі төрт есеге ұлғайып, 11,4 мың гектарға жетті. Қазіргі таңда 7,2 мың гектар немесе жалпы алқаптың 64 пайызы жиналды. Сонымен қатар шаруашылықтар жасымық, асбұршақ, бидай, арпа және сұлы сияқты жаздық дақылдарды жинауға кірісті.
Егін орағы басталар алдында өңірдің машина-трактор паркі толық дайындалды. Далалық жұмыстарға 6,6 мың астық жинайтын комбайн, оның ішінде төрт мыңға жуық жоғары өнімді техника, 10,3 мыңнан астам трактор, 4,3 мың жатка және басқа да ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылады. Техниканың дайындық деңгейі – 100 пайыз.
Жұмыс сапарының қорытындысын шығарған Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешенінің одан әрі дамуы барлық негізгі бағыттар бойынша жүйелі жұмыстың нәтижесіне байланысты екенін айтты.
«Өндірістің тиімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу, қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалану және мал шаруашылығын жүйелі түрде дамыту қажет. Осындай кешенді тәсіл саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға әрі отандық агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді министр.
