Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » СҚО ауыл шаруашылығы министрі алдында ел бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін мәлімдеді

СҚО ауыл шаруашылығы министрі алдында ел бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін мәлімдеді

October 13, 2025 13:17

Петропавл қаласында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың өңірдің аграрийлерімен және тұрғындарымен кездесуі өтті. Отырыста, оған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты, 2025 жылдың сегіз айының қорытындысы шығарылып, Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешені рекордтық нәтижелерге қол жеткізгені атап өтілді, деп хабарлайды QZ NEWS.

Есепті кезең қорытындысы бойынша, СҚО ауыл шаруашылығындағы нақты көлем индексі ел бойынша ең жоғары деңгейге – 109,3% жетті. Жалпы өнім көлемі 255,7 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында өсім 13%, ал мал шаруашылығында 6,7% болды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, мұндай нәтижелерге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйелі қолдауы мен агроқұрылымның кең ауқымды әртараптандыруының арқасында қол жеткізілген.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде жоғары табысты дақылдардың егіс алқаптары едәуір ұлғайды. Майлы дақылдардың көлемі 1 миллион гектарға жетіп, бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш болды.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артып, 105 млрд теңгені құрады. Қосымша қаражаттың 37 млрд теңгесі «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы, ал 7,5 млрд теңге форвардтық сатып алуға бағытталды.

Заманауи агротехнологияларды кеңінен қолдану нәтижесінде астықтың орташа өнімділігі гектарына 19,6 центнерге дейін артты. Ал «Зенченко и К» КС, «Вагулинское» және «Ноғайбай» ЖШС сияқты алдыңғы қатарлы шаруашылықтар гектарына 65 центнерге дейін өнім жинады. Бұдан бөлек, СҚО минералды тыңайтқыштар сатып алу бойынша да көш бастап тұр — биыл 340 мың тонна тыңайтқыш алынған.

Солтүстік Қазақстан облысы «СҚО тәжірибесін тарату» бағдарламасы аясында сүтті мал шаруашылығындағы көшбасшылық орнын растады. Сүт өндірісі 268 мың тоннаға жетті. Өңірде барлығы 110 сүт фермасы жұмыс істейді, оның ішінде 42-сі — заманауи жоғары технологиялы кешендер.

Өңірде Орталық Азиядағы ең ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда:

«Зенченко и К» КС – 8 000 басқа арналған мега-ферма;

«СК Агро – 2050» ЖШС – 100 басқа арналған «Карусель» жүйесі орнатылған сүт-тауарлы кешен;

«Возвышенка СК» ЖШС және «Атамекен Агро Корнеевка» ЖШС – «ақылды мал шаруашылығы» моделін қалыптастыратын цифрлық фермалар.

Өңірде терең өңдеу саласы да қарқынды дамып келеді:

«МаслоДел» май экстракциялық зауыты іске қосылды, қуаттылығы – 370 мың тонна майлы дақыл, өнімнің 80%-ы экспортқа жөнелтіледі;

«Евразиан Милк» ЖШС қою сүт өндіру цехының құрылысы аяқталуға жақын.

Цифрлық және интеллектуалды технологиялардың, соның ішінде «ақылды элеваторлар» мен егістік мониторингіне арналған жасанды интеллект талдауының енгізілуі — СҚО-ның технологиялық және табысты агроөндіріс орталығы ретіндегі беделін нықтай түсуде.

Shares