Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » СҚО елімізде ең жоғары өнімділік көрсетті – 21,4 ц/га

СҚО елімізде ең жоғары өнімділік көрсетті – 21,4 ц/га

November 10, 2025 09:25

Солтүстік Қазақстан облысы биылғы астық және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау науқанын сәтті аяқтап, тағы бір ірі нәтижеге қол жеткізді – 6,5 миллион тонна өнім жиналды. Сонымен қатар, өңір майлы дақылдар бойынша да тарихи рекорд орнатып, 1,2 миллион тоннадан астам өнім алған, деп хабарлайды QZ NEWS.

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, орақ науқанының қорытындысы бойынша облыс республика бойынша ең жоғары өнімділікке қол жеткізді – гектарына 21,4 центнер.

«Бұл жетістіктер Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында мүмкін болды. Далалық жұмыстарды үздіксіз жүргізу үшін өңірдің аграрийлеріне 134 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді: оның 67 мың тоннасы – күзгі науқанға, 14 мың тоннасы – өнімді кептіруге арналған. Биыл «Кең-Дала 1,2», ӘКК, Азық-түлік корпорациясы және ҚАФ бағдарламалары арқылы рекордтық көлемде – 161 млрд теңге қаржыландыру жүзеге асты», – делінген басқарма хабарламасында.

Сондай-ақ өнімділікті арттыру мақсатында 340 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынып, енгізілді. 52,5 мың тонна элиталық тұқым себіліп, сорт жаңарту үлесі 11,2%-ды құрады.

«Бұл жетістіктер – біздің диқаншылардың еңбегі, мемлекеттік қолдау және заманауи технологияларды енгізудің нәтижесі», – делінген хабарламада.

Shares