Еңбек династиясы: Бадагазиндер отбасы ТЭЦ-2-де еңбек етеді

Петропавлдағы №2 жылу электр орталығында бір әулеттен шыққан тұтас династиялар ортақ іске адалдықпен еңбек етіп келеді. Солардың бірі – электр станциялары мен желілерін баптау, технологиясын жетілдіру және пайдалану инженері Дмитрий Бадагазин, деп хабарлайды QZ NEWS.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, энергетика – Дмитрий үшін отбасылық мұра. Оның әкесі Сергей Владимирович станцияның электр зертханасының басшысы болып жұмыс істейді. Ал әжесі Александра Федоровна ТЭЦ-2 құрылған күннен бастап химия цехында 36 жыл еңбек етіп, өмірін осы кәсіпорынға арнаған.
Дмитрий бұл мамандықты саланың қарқынды дамуына қызығып таңдаған.
«Мен үшін техниканың бір орында тұрмайтыны маңызды. Үнемі жаңа нәрсені үйреніп, дағдыларды жетілдіріп отыру қажет – бұл тоқтап қалуға мүмкіндік бермейді», – дейді ол.
Инженердің негізгі міндеті – аса күрделі жабдықтардың сенімді жұмысын қамтамасыз ету: желілердің, генераторлар мен трансформаторлардың релейлік қорғанысын, турбогенераторлардың тиристорлы қоздыру жүйелерін, жиілік түрлендіргіштерін және өзге де аса маңызды жүйелерді жөндеу мен қызмет көрсетуді атқарады.
«Маған әрдайым әртүрлі ақпараттың үлкен көлемін өңдеуге тура келеді, – дейді маман. – Көп дүниені есте ұстау керек, сондықтан мұнда терең білім мен ұқыптылықсыз болмайды».
Дмитрийдің пайымдауынша, жұмыста ұнайтын немесе ұнамайтын тапсырма болмайды – әр бөлшек маңызды. Ол: «Қай істі болмасын бірін жақсы, бірін нашар орындауға болмайды – барлығында да дәлдік, сенімділік және жауапкершілік қажет», – дейді.
«Жас мамандарға оқып жүргенде мүмкіндігінше көбірек теориялық білім жинауға кеңес беремін, – дейді ол тәжірибесімен бөлісіп. – Және міндетті түрде конспектілерді сақтап қойыңыздар – қиын сәтте олардың құны өлшеусіз болуы мүмкін».
