Петропавловск
+21°C
Главная страница » Мәдениет » «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» көрмесі Кембридж университетінде таныстырылды

«Ботай – Ұлы дала мәдениеті» көрмесі Кембридж университетінде таныстырылды

October 1, 2026 14:49

 

Кембриджде «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» халықаралық көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Көрмені Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Солтүстік Қазақстан облысының басшылығы мен Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Елшілігінің қолдауымен Макдональд археологиялық зерттеулер институтының «Еуразия: ежелгі өзара ықпалдастықтарды зерттеудегі жаңа бағыттар» атты халықаралық конференциясы аясында ұйымдастырды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Көрменің ашылу рәсіміне халықаралық ғылыми және академиялық қауымдастықтың 100-ге жуық өкілі қатысты. Олардың қатарында Кембридж қаласының мэрі Мария Клеминсон, Кембридж университетінің профессоры Кэмерон Петри және Эксетер университетінің профессоры Алан Отрам бар.

Салтанатты шарада Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлібек Бақаев құттықтау сөз сөйлеп, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетовтің құттықтау хатын оқып берді.

Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігінің қорларынан ұсынылған экспозицияға археологиялық жәдігерлер, этнографиялық бұйымдар, сондай-ақ Ботай мәдениетіне арналған халықаралық суретшілер симпозиумдарына қатысушылардың туындылары негізінде жасалған 22 көркем шығарма енді.

Көрме халықаралық аудиторияны Солтүстік Қазақстанның бірегей мұрасымен және Ботай мәдениетінің Еуразияның ежелгі тарихын зерттеудегі маңызымен таныстырады.

Жобаның негізгі мақсаты – Ботай мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау, ғылыми және мәдени ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Ұлы дала мұрасын зерттеу және сақтау мәселелері бойынша халықаралық диалогты кеңейту.

Конференция аясында Ботай мұрасын одан әрі халықаралық деңгейде ілгерілету және Ботай мәдениетіне қатысты нысандарды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу жұмыстары аясында оны таныстыру перспективалары да талқыланды.

Ресми бөлімнен кейін конференция қатысушылары үшін көрме экспозициясына экскурсия ұйымдастырылды. Көрме Кембриджде үш күн бойы жұмыс істейді.

Shares