Петропавловск
+21°C
Главная страница » Мәдениет » «Патруль» және «Аташка на хайпе» жобаларының актрисасы «Ботай. Ғайып ғалам» шытырман оқиғалы фильмінде ерекше образда көрінеді

«Патруль» және «Аташка на хайпе» жобаларының актрисасы «Ботай. Ғайып ғалам» шытырман оқиғалы фильмінде ерекше образда көрінеді

June 16, 2026 18:27

Танымал қазақстандық блогер әрі актриса Әлия Байбосынова толықметражды көркем-шытырман оқиғалы «Ботай. Ғайып ғалам» фильмінің түсіріліміне қатысты. Белгілі болғандай, ол бұл жобада тың образды сомдаған. Сюжет бойынша актриса фильм кейіпкерлерінің бірінің реинкарнациясы рөлін ойнайды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Әлия Байбосынова – 700 мыңнан астам оқырманы бар танымал инфлюенсер. Ол кино саласында жеті жылға жуық еңбек етіп келеді. Шығармашылық қоржынында «Аташка на хайпе», «Патруль», «Капитан Байтасов» секілді танымал жобалардағы рөлдері бар.

Редакциямызға берген эксклюзивті сұхбатында Әлия бұл жобаға қатысу жолы ресми кастингке шақырудан басталғанын айтты.

– Бастапқыда мен басқа рөлге кастингтен өттім, алайда, өкінішке қарай, ол рөлге сәйкес келмедім. Қазір оны басқа актриса сомдап жатыр. Біраз уақыт өткен соң, жобаны ұмыта бастаған кезімде продюсер Лилия Файзуллина хабарласып, маған лайықты рөл бар екенін айтты, – деп бөлісті Әлия.

Актрисаның пікірінше, бұл жоба отандық киноөндірістегі сирек кездесетін шытырман оқиғалы жанрымен ерекше.

– Қазақ тарихы, мифологиясы және еліміздегі қызықты оқиғалармен ұштасқан мұндай фильмдер өте маңызды. Өйткені олар адамдардың тарихқа деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар елімізді әлемдік деңгейде танытып, оның ерекшеліктерін қызықты сюжеттер мен әр дәуірдегі оқиғалар арқылы көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Әлия Байбосынова.

«Ботай. Ғайып ғалам» фильмінің түсірілім тобы үшін жұмыс экспедициялық сипатқа ие. Себебі түсірілімдер Солтүстік Қазақстан облысы мен Петропавл қаласында өтіп жатыр. Актриса бұл өңірге алғаш рет келгенін айтты.

– Мен Петропавлға алғаш рет келіп тұрмын. Бұл қала маған өте ұнады, тіпті туыстарыма қонаққа келгендей әсер қалдырды. Осындай экспедициялар адамды жаңа қырынан ашып, ерекше тәжірибе сыйлайды. Әр сапардан кейін үйге бұрынғыдан өзгеше болып ораласың. Сондықтан бұл өте қызықты. Ал менің дайындығым жеңіл өтті, себебі менің түсірілім күнім бір ғана күн болды, – деді актриса.

Еске сала кетейік, «Ботай. Ғайып ғалам» фильмінің тұсаукесері келесі жылға жоспарланған.

Shares