Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде кәсіби мерекеге орай мәдениет және өнер қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
Өңір басшысы мәдениет қайраткерлерін, сала ардагерлерін, әртістерді, кітапхана, музей, мәдениет үйлері мен шығармашылық ұжымдардың қызметкерлерін құттықтап, олардың рухани мұраны сақтауға және өнерді дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
– Бүгінгі мереке ерекше миссиясы бар жандарды біріктіреді. Олар – талантты, шығармашыл, өз ісіне адал адамдар. Халықтың рухани құндылықтарын сақтап, ұлттық бірегейлікті нығайтып, бай мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізетін тұлғалар, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Салтанатты рәсім барысында мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын «Күдер» ансамблінің жетекшісі Тойкен Күдерова алды. Ал «Ерен еңбегі үшін» медалі Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері Асылхан Разиевке берілді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мәдениет саласының ардагерлері Танат Бейсембаев пен Хуанган Иманханға табысталды.
«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі облыстық филармония солисі Асхат Таушевке, «Ботай» ART-галереясының директоры Гүлнұр Зейнелғабиденоваға, «Экспромт» халық би театрының жетекшісі Елена Маринецке, Жамбыл аудандық мәдениет үйінің директоры Юрий Стрельниковқа және өзге де сала өкілдеріне берілді.
Сонымен қатар театрлар, кітапханалар, музейлер, ауылдық мәдениет үйлері мен шығармашылық орталықтардың қызметкерлері министрлік пен облыс әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Өз сөзінде Ғауез Нұрмұхамбетов мәдениеттің қоғамның рухани дамуына ғана емес, экономика, туризм және өңірдің ілгерілеуіне де маңызды ықпал ететінін атап өтті.
Өңір басшысы купец Поляковтың тарихи диірменін қалпына келтіру жобасына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Pana Asia компаниясы бұл жобаға 10 миллиард теңгеден астам инвестиция салады. Қайта жаңғыртудан кейін нысан этно-мейрамханасы мен мәдени кеңістігі бар заманауи қонақүй кешеніне айналады.
Сондай-ақ «Ботай. Жоғалған әлемдер» фильмінің түсірілімі жалғасып жатқаны, ал есту қабілеті шектеулі әртістердің SENSITIVE театры Ольга Ростовщикова жетекшілігімен «Ботай» спектаклін Astana Ballet сахнасында ұсынғаны айтылды.
Салтанатты жиын соңында өңір әкімі мәдениет қызметкерлеріне шығармашылық шабыт, табыс және жаңа жетістіктер тіледі.
