СҚО-дағы «Дустлық» өзбек орталығының жетістіктері

Мәдениет халықтар арасындағы өзара түсіністіктің тіліне айналып отырған заманда дәстүрлер тек сақталып қана қоймай, дамып, жаңғырып жатады, деп хабарлайды QZ News.
Солардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Қызылжар ауылдық округінде жұмыс істейтін «Дустлық» өзбек этномәдени орталығы.
2015 жылы құрылған орталық алғашқы жылдардан-ақ ата-баба мұрасына құрметпен қарап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен жандардың ордасына айналды. Мұнда өзбек тілі, фольклоры, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары сақталып, ұрпақтар сабақтастығы нығайтылып, халық тарихына деген құрмет қалыптастырылады.
2022 жылдан бастап «Дустлық» өзбек этномәдени орталығы Қызылжар ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылының «Бәйтерек орта мектебі» КММ базасында орналасқан. Бұл кезең орталықтың дамуына жаңа серпін берді. Қалдыбекова Баян Жалғасқызының жетекшілігімен орталық жұмысы жанданып, балалардың үні, ән мен би сәнге айналды. Мектеп оқушылары өзбек халқының мәдениетімен және дәстүрлерімен танысып, халық билерін үйреніп, концерттік бағдарламалар мен мерекелік іс-шараларға қатысуда.

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан халық әндері мен билері мектеп сахнасында ғана емес, аудандық және облыстық деңгейдегі алаңдарда да орындалуда. Орталық өңірдің мәдени өміріне белсенді қатысып, фестивальдер мен байқауларда өзбек мәдениетін лайықты таныстырып келеді. Ұжымның өнері бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. «Алғысым шексіз саған, Қазақстан» этнофестивалі мен «Салт-дәстүр» байқауына қатысқаны үшін ұжым дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Орталықтың тәрбиелік миссиясына ерекше мән беріледі. Жетекшінің айтуынша, мәдени жұмыс – бұл ең алдымен жады мен құндылықтармен жұмыс.
«Халықтың күші – өзінің тамыры мен бастауын есте сақтауында, тарихы мен мәдениетіне құрметінде. Біз осы қазынаны келер ұрпаққа жеткізіп, олардың ата-бабасымен мақтануына және әлемге ашық болуына тәрбиелеуді мақсат етеміз», – деп атап өтті Баян Қалдыбекова.
Бұл сөздер нақты жетістіктермен дәлелденуде. Мәселен, 2025 жылғы 27 сәуірде орталықтың жас бишілері Петропавл қаласында өткен «Наследие» ұлттық мәдениеттер халық шығармашылығы фестивалінде өнер көрсетті. Өзбек биін жарқын, әсерлі әрі көркем орындаған ұжым қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, І дәрежелі дипломмен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
«Бұл біздің балаларымыз үшін де, бүкіл орталық үшін де маңызды сәт болды, – дейді жетекші. – Балалар дәстүрдің заманауи әрі қызықты бола алатынын көрсетті».

Қалдыбекова Баян Жалғасқызының этносаралық келісімді нығайту мен мәдени мұраны сақтауға қосқан үлесі түрлі деңгейде бірнеше мәрте атап өтілді. Ол белсенді қоғамдық қызметі үшін алғыс хаттармен, дипломдармен және грамоталармен марапатталған. 2024 жылы оған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының Алғыс хаты табысталды, ал 2025 жылғы 1 наурызда Ассамблея қызметіне белсенді қатысқаны және этносаралық келісімді нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің Алғыс хаты берілді.
Бүгінде «Дустлық» өзбек этномәдени орталығы – дәстүрдің құдіретіне сенетін, бейбітшілік пен келісімде өмір сүруді қалайтын, өткенді құрметтеп, болашаққа үмітпен қарайтын жандардың басын қосатын ортаға айналды.
Сондай-ақ орталық өкілдерінің Қазақстандағы Өзбекстан Республикасының Елшілігінде Өзбекстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты іс-шараға шақырылуы да мақтанышпен атап өтіледі. Кездесу барысында Өзбекстан консулы Қалдыбекова Баян Жалғасқызының белсенді ұстанымын атап өтіп, «Дустлық» өзбек этномәдени орталығының екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
