Алматыда алаяқтарға 4 млн теңге бергеннен кейін зейнеткер көз жұмды

Алматыда әлеуметтік желі қолданушыларын бейжай қалдырмаған қайғылы оқиға болды. Қала тұрғыны өз атасының қаза тапқанын айтып, оның алаяқтардың құрбаны болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды QZ NEWS ІА «NewTimes.kz»-ке сілтеме жасап.
Алматылықтың айтуынша, 21 наурыз күні таңғы сағат 09:00 шамасында оның атасы Александр Васильевич Шершаков «Жетысу» базарына кеткен. Ол түске қарай үйге оралуды жоспарлаған, алайда қайтып келмеген.
Немересінің сөзінше, бастапқыда туыстары еш күдіктенбеген.. Бірақ, күн ортасына қарай бірнәрсенің дұрыс емес екені белгілі болған. Зейнеткер WhatsApp арқылы байланыста болғанымен, жақындарының қоңырауларын қабылдамай, үнемі сөндіріп отырған. Отбасы мүшелері оған басқа нөмірлерден хабарласа бастаған. Бір сәтте телефонды бейтаныс ер адам көтеріп, кейін оны Александр Васильевичтің өзіне берген.
Ол жақындарына жақын арада үйге келіп, бәрін түсіндіретінін айтқан. Қайда жүргенін сұрағанда, тек көлікте келе жатқанын жеткізген.
Бұл әңгіме туыстарын алаңдатқан. Олардың айтуынша, зейнеткер үнемі қоғамдық көлікпен жүретін, ал сөйлесу барысында бөгде адамның даусы естілген. Отбасы бірден оған қысым жасалып жатқан болуы мүмкін деп болжаған.
Атасымен соңғы сөйлесу сағат 16:21-де болған. Сол кезде ол Розыбакиев пен Есқараев көшелерінің қиылысында екенін, жалғыз өзі аялдамаға қарай бара жатқанын айтқан. Бұл жағдай алаяқтармен байланысты ма деген сұраққа, ол «иә» деп жауап берген.
Осыдан кейін зейнеткердің жағдайы күрт нашарлап, ол 4YOU тұрғын үй кешенінің маңында есінен танып қалған. Куәгерлер дереу көмекке ұмтылып, жедел жәрдем шақырып, отбасы мүшелерімен байланыста болған. Туыстары ер адамды құтқаруға тырысқан барлық жанға алғыс білдірді. Алайда көрсетілген көмекке қарамастан, зейнеткердің жүрегі шыдамаған.
Кейін отбасы оның жеке заттарының арасынан банктік түбіртектерді тапқан. Белгілі болғандай, сағат 14:19-да Александр Васильевич Розыбакиев көшесіндегі Mega сауда орталығында орналасқан Home Credit банк кассасынан 4 миллион теңге шешіп алған. Сонымен қатар, 15:00 мен 16:00 аралығында терминал арқылы әртүрлі сомаларды бөгде адамдардың банктік карталарына аударған.
Қазіргі уақытта туыстары зейнеткердің өмірінің соңғы сағаттарын қалпына келтіруге тырысып, сол күні көрген адамдардан хабарласуды сұрайды.
«Егер біреу бірнәрсе білсе немесе көрсе, өтінеміз, хабарласыңыздар. Бұл бейнені таратыңыздар, жақындарыңыз мұндай жағдайға тап болмасын», — деп үндеу жасады алматылық тұрғын.
Алматы қалалық полиция департаментінде аталған дерек бойынша тергеу басталғанын хабарлады.
«Осы факті бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта күдіктілерді анықтап, оларды жедел ұстауға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу шаралары жүргізілуде», — деп мәлімдеді полиция.
