Алматыда белгісіз адам итті көлікке шынжырмен байлап, жолмен сүйреген

Жануарға қатыгездік көрсетудің тағы бір дерегі тіркелді. Белгісіз адам итті автокөлікке шынжырмен байлап, жол бойымен сүйреген, деп хабарлайды QZ NEWS Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде жерде қан-жоса болып жатқан иттің видеосы тарады. Оның мойнында көлікке байланған шынжыр болған. Видео авторының айтуынша, оқиға биыл 12 ақпанда болған — белгісіз адамдар итті әдейі байлап, сүйреген. Жазба астында иттің тірі екені көрсетілген және көмек сұралған.
Алматы қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, автокөлік жүргізушісін анықтаған.
«Көлік иесінің жеке басы анықталды. Ол жануарға қатыгездік көрсеткені үшін міндетті түрде әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деп хабарлады департамент өкілдері.
Қазақстандықтарға жануарларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық дерегі белгіленген тәртіппен тіркеліп, тексерілетінін еске салды. Азаматтардың барлық өтініштері назарға алынып, құқық бұзушылар қолданыстағы заңнама аясында жауапкершілікке тартылады.
Қазақстанда жануарларға қатыгездік көрсету үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-1-бабына сәйкес, құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай 5-тен 40 айлық есептік көрсеткішке дейін (2026 жылы 21 625 – 173 000 теңге аралығы) айыппұл көзделген.
Ал Қылмыстық кодекстің 316-бабына сәйкес, жануарға қатыгездік жасап, оны мертіктіру немесе өлтіру жағдайында 120-дан 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін (2026 жылы 519 000 – 4,3 миллион теңге аралығы) айыппұл салу қарастырылған. Ең қатаң жаза – 1 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.
Қаңтар айында ұқсас жағдай Астанада да тіркелген. Жергілікті тұрғын итін көлігіне байлап «серуендеткен». Бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда резонанс тудырған. Полиция мәліметінше, ер адам заңда белгіленген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
