Астанада әскердегі зорлық туралы жалған жазбаның авторы анықталды

Ел астанасында әлеуметтік желілерді ойдан шығарылған себеппен ақша жинау үшін пайдаланған жас жігіттің әрекетіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Астананың 23 жастағы тұрғыны алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату күдігімен ұсталды. Тексеруге 23 ақпанда Threads әлеуметтік желісінде жарияланған жазба себеп болған. Анонимді қолданушы әскерде қызмет еткен кезінде жыныстық зорлыққа ұшырағаны туралы ойдан шығарылған оқиғаны баяндаған. Мәтінде әскерден оралғаннан кейін болған жағдайдың салдарымен күресе алмай жүргені және қудалаудан қорқатыны айтылған. Эмоциялық әсерді күшейту үшін жазбада оқырманның аяушылығын тудыратын егжей-тегжейлі сипаттамалар берілген.
Көп ұзамай жазба авторы негізгі мақсатына көшіп, жазылушыларынан қаржылай көмек сұраған. Ол шетелге шұғыл түрде шығу қажеттігін алға тартып, ақша аудару үшін банктік деректемелерін жариялаған. Сондай-ақ өзінің психологиялық жағдайы туралы да айтып, бастан өткерген жайттар депрессияға әкеліп, жеке өміріне кері әсер еткенін жеткізген.
Оқиға желіде тез таралып, қолданушылар тарапынан қолдау тапқан: қысқа уақыт ішінде көрсетілген есепшотқа көптеген аударымдар түсе бастаған. Алайда бір қолданушы жазбаның шынайылығына күмәнданып, құқық қорғау органдарына жүгініп, деректемелерді тексеруді сұраған.
Тексеру барысында банк шотының 17 жастағы жасөспірімге тиесілі екені анықталған. Белгілі болғандай, ол бұл деректерді бұрын хостелде танысқан адамның өтінішімен берген. Әлгі адам өз есепшоттарын уақытша пайдалана алмайтынын айтып, аударымдарды қабылдауды сұраған және кейін қайтарып беруге уәде еткен. Салдарын түсінбеген жасөспірім келісім берген. Екі күн ішінде оның есепшотына жүзден астам ақша аударымы түскен.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер қаражат жинауды ұйымдастырды деген күдіктіні анықтап, ұстады. Тергеу нәтижесінде жарияланған оқиғаның шындыққа сәйкес келмейтіні белгілі болды.
Ұсталған азамат әскерде қызмет етпеген және сипатталған жағдайларға еш қатысы болмаған. Оның айтуынша, бұл жазба бастапқыда-ақ қолданушылардың сенімі мен жанашырлығын пайдаланып, ақша табу тәсілі ретінде ойластырылған. Аталған дерек бойынша бірден екі бап — алаяқтық және жалған ақпарат тарату бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сот санкциясымен қамауға алынды. Оған бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайлар әсіресе әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы аясында жиілеп барады. Азаматтарды мұндай жарияланымдарға сыни тұрғыдан қарап, ақпаратты тексеруге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырады. Құқық қорғау органдары атап өткендей, әсерлі әрі даулв оқиғалардың артында көбіне аудиторияның сенгіштігін пайдалануға бағытталған қарапайым есеп жатады.
