Биометрия міндетті: қазақстандықтар үшін Ресейге кірудің жаңа ережелері

Ресейде Қазақстан азаматтары мен басқа да шетелдіктер үшін елге кірудің жаңа талаптары күшіне енді. 1 желтоқсаннан бастап мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезде биометриялық деректерді жинаудың пилоттық жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды QZ NEWS NewTimes.kz агенттігіне сілтеме жасап.
РФ Үкіметінің қаулысына сәйкес, эксперимент 2024 жылғы 1 желтоқсанда басталып, 2026 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады. Биометрия техникалық мүмкіндігі бар барлық өткізу пункттерінде жиналады.
Алғашқы кезеңде міндетті биометриялық тіркеу Мәскеу әуежайлары — Шереметьево, Домодедово, Внуково, Жуковский арқылы келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ Орынбор облысындағы «Маштаково» автокөлік жүк-жолаушылар бекеті арқылы келетіндерге қолданылады.
2025 жылғы 30 маусымнан бастап визасыз елдер азаматтары үшін қосымша талап енгізіледі — Ресейге кірерден кемінде 72 сағат бұрын электронды өтінім толтыру.
Биометриялық тіркеуден Беларусь азаматтары, алты жасқа дейінгі балалар, дипломаттар және халықаралық ұйымдар қызметкерлері (отбасыларымен бірге) босатылады.
30 маусымнан бастап РФ-да шекарадан өту бойынша жаңа ережелер күшіне енді. Ресейдегі ҚР елшілігі түсіндіргендей, елге кіру туралы өтінім алдын ала берілуі тиіс — сапарға дейін кемінде 72 сағат бұрын және 90 күннен ерте емес. Шұғыл жағдайларда, мысалы, туысының ауыр науқасы немесе қайтыс болуы кезінде өтінімді 4 сағат ішінде рәсімдеуге болады, ол үшін ерекше жағдайларды растайтын құжаттар қажет.
