Кедергісіз орта: жеке көмекші қызметі қолжетімді бола түсуде

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды сүйемелдеу жүйесін дамыту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылдың басынан бері елімізде жеке көмекшінің қызметін шамамен 24 мың рет пайдалану фактісі тіркелген. Мұндай қолдау форматы азаматтарға жеке қажеттіліктері мен өздеріне ыңғайлы уақыт кестесін ескере отырып, қажетті сүйемелдеуді алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Қызмет көрсету мүгедектігі бар адам, жеке көмекші және жергілікті атқарушы орган арасында жасалатын үшжақты шарт негізінде реттеледі. Құжатта ынтымақтастық талаптары, сондай-ақ барлық тараптардың құқықтары мен міндеттері көрсетіледі.
Жеке көмекшіге ақы тек нақты көрсетілген қызмет үшін төленеді. Бір қызметтің құны айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 54,56 пайызын құрайды, ал бір рет сүйемелдеу ұзақтығы төрт сағатпен шектеледі. Бір айда осындай 60 қызметке дейін көрсетуге болады.
Қажет болған жағдайда сүйемелдеу саны жергілікті атқарушы органдардың шешімімен өзгертілуі мүмкін. Бұл ретте өңірдің ерекшеліктері мен тиісті бюджеттің мүмкіндіктері ескеріледі.
Жеке көмекшілермен есеп айырысу «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ арқылы автоматтандырылған форматта жүргізіледі. Қаражат аударуға негіз ретінде қызметтің іс жүзінде көрсетілгенін растайтын орындалған жұмыстар актісі саналады.
Қызмет көрсету кестесін қызмет алушы мен жеке көмекші өзара келіседі. Олар мүгедектігі бар адамның қажеттіліктеріне қарай сүйемелдеу күндері мен уақытын өз бетінше белгілей алады.
Сонымен қатар қызмет алушы оның сапасын бақылауға құқылы. Егер сүйемелдеу қызметі толық көрсетілмесе немесе адамның негізді шағымдары болса, ол актіге қол қоюдан бас тартып, шағым түсіре алады.
Жеке көмекші өз жұмысын өз бетінше ұйымдастыруға, шарт талаптарын сақтауға және қызметті уақытылы әрі толық көлемде көрсетуге міндетті.
Егер қызмет шарт талаптарын бұза отырып көрсетілсе, сүйемелдеу үшін ақы төленбейді. Сондай-ақ медициналық немесе басқа да белгіленген негіздер бойынша адамға жеке көмекші қызметін пайдалану ұсынылмаған жағдайда да төлем қарастырылмайды.
Үшжақты шарт жасасу талабы барлық жеке көмекшілерге, оның ішінде осы қызметті бұрыннан көрсетіп жүрген мамандарға да қолданылады. Осылайша, жүйенің барлық қатысушылары үшін сүйемелдеу қызметін көрсету мен оған ақы төлеудің бірыңғай тәртібі белгіленеді.
