Қасым-Жомарт Тоқаев: «15 наурыз Конституция күні ретінде атап өтіледі»

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазмедиа» орталығында республикалық референдум аясында үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысқан жастармен кездесті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті мемлекеттік мерекенің жаңа күнін жариялады, деп хабарлайды QZ NEWS.
Мемлекет басшысы референдум күні тарихи күн екенін атап өтіп, жастарға алғысын білдірді.
«Бұл күн шынайы түрде еліміздің өмірінде мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз Конституция күні ретінде атап өтіледі. Бұл — еліміздің басты құжаты. Мен басқа мемлекеттердің конституцияларын зерделедім. Сенімді түрде айта аламын, біздің Конституция ең үздік Ата заңдардың қатарында», — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент жаңа Конституцияның ең алдымен жастарға бағытталғанын ерекше атап өтті. Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновациялар, жасанды интеллект сияқты ұғымдардың енгізілгенін айтты.
«Үгіт-насихат жұмыстары кең ауқымда жүргізілді. Алда көптеген істер бар. Жазда Парламентке сайлау өтеді. Біз бұл жұмысты біртұтас халық болып орындауымыз керек. Менің ойымша, бұл — жастар Парламенті болуы тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
