Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Зумерлер ме, бумерлер ме: Қазақстанда кім көп табыс табады

Зумерлер ме, бумерлер ме: Қазақстанда кім көп табыс табады

November 14, 2025 14:50

Қазақстандағы зумерлер миллениалдар мен бумерлерге қарағанда азырақ табыс табады — орташа есеппен айына 279,9 мың теңге. Ал Х буынының өкілдері шамамен 430 мың теңге көлемінде жалақы алады, деп хабарлайды QZ NEWS NUR.KZ порталына сілтеме жасап.

2025 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы 429 368 теңгені құрады. Алайда бұл көрсеткіш өңірге, қызмет саласына, сондай-ақ қызметкерлердің жынысы мен жасына қарай едәуір өзгереді.
Әр буынның өз атауы бар екені құпия емес: зумерлер, миллениалдар, Х буыны, беби-бумерлер. EnergyProm порталының мәліметінше, ресми статистикадағы жас санаттарын буындарға сәйкестендірсек, былайша бөлінеді:

  • зумерлер – 16–24 жас;
  • миллениалдар – 25–34 жас және 35–44 жас;
  • Х буыны – 45–54 жас және 55–64 жас;
  • беби-бумерлер – 65 жастан бастап.

Қызығы, қоғамда қазір «зумер дәуірі» келді, олар бәрінен көп табыс табады әрі классикалық 8 сағаттық жұмыс режимін ұстанбайды деген пікір жиі айтылады. Алайда Қазақстанда жағдай басқаша қалыптасқан.

Ресми дерек бойынша, Қазақстандағы зумерлер барлық буындардың ішінде ең аз жалақы алады — орташа есеппен айына 279,9 мың теңге. Салыстыру үшін: қазақстандық зейнеткер-бумерлердің орташа жалақысы — 337,9 мың теңге. Миллениалдардың орташа табысы 25–35 жас аралығында — 393,8 мың теңге, ал 35–44 жас аралығында — 455,1 мың теңге. Х буынының табысы шамалас: 45–54 жастағылардың орташа жалақысы — 430 мың теңге, ал 55–64 жастағыларда — 377,4 мың теңге.

Айта кету керек, жалақы мөлшерін айқындайтын негізгі фактор — жас емес. Бұдан да маңыздысы — қызметкердің білімі. Әдетте жұмыс берушілер жоғары білімі бар мамандарға көбірек төлеуге дайын.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы орташа жалақы бір жылда 10%-ға өсті. Алайда инфляцияны ескергендегі нақты өсімді есептесек, оның тіпті болмағаны анықталды — бір жыл ішінде азаматтардың сатып алу қабілеті 2%-ға төмендеді.

Shares