Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » «AUYL FEST. ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ – 2026» фестивалінің көркіне айналған қаз жарысы мен асыл тұқымды құстар шеруі

«AUYL FEST. ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ – 2026» фестивалінің көркіне айналған қаз жарысы мен асыл тұқымды құстар шеруі

March 22, 2026 16:10

Наурыздың қасиетті күнінде Петропавлда Халықаралық түркі этномәдени «AUYL FEST. ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ – 2026» фестивалі өз жұмысын жалғастырып, қала орталығын бірлік пен дәстүрдің айшықты алаңына айналдырды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Фестивальдің екінші күніне Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов арнайы қатысып, шараның мән-маңызына тоқталды. Құрметті қонақтар бұл бастама кәсіби форум деңгейінен асып, нағыз халықтық мерекеге айналғанын атап өтті.

«Кеше біз кәсіби диалогтың негізін қаладық, ал бүгін фестиваль шынайы халықтық сипат алды. “Ауыл” партиясы ауыл шаруашылығының тек экономикалық сала емес, ұрпақтарды біріктіретін тірі мәдениет екенін көрсетуді мақсат етеді», — деді Қайрат Айтуғанов құттықтау сөзінде.

Бағдарлама мазмұны барынша бай болды. Көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырған «Қаз жарысы» сайысында қанатты жүйріктер жүздеген жанкүйердің қошеметімен
сынға түсті. Белсенді демалысты ұнатушылар үшін «Городки» және «Корнхол» ойындары бойынша турнирлер ұйымдастырылды.

Арнайы көрмеде қала тұрғындары асыл тұқымды қаздар мен өзге де үй құстарының таңдаулы түрлерін тамашалады. Сонымен қатар, өңір шаруалары өз өнімдерін делдалсыз ұсынған кең ауқымды жәрмеңке өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары дайын қуырылған немесе ысталған қазды, сондай-ақ құс етін сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Күні бойы алаңда әуезді музыка ойнап, фудкорттағы мерекелік тағамдардың хош иісі Наурыздың басты мәнін — жаңару мен қонақжайлықты айшықтай түсті. Бұл фестиваль Солтүстік Қазақстанның құс шаруашылығын дамытудағы көшбасшы өңір екенін әрі ұлттық құндылықтарды сақтаушы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Shares