Есіл аудандық соты ауыл тұрғынына зейнетақы тағайындау үшін он үш жылдық еңбек өтілін растауға көмектесті

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл аудандық сотында еңбек қызметінің заңды фактісін анықтау туралы іс қаралып, аяқталды. Өтініш беруші зейнетақы төлемдерін рәсімдеу кезінде қиындықтарға тап болған соң сотқа жүгінген, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Мәселенің туындауына уәкілетті органның азаматтың 1983–1996 жылдар аралығында Корнеев автокөлік кәсіпорнында істеген еңбек өтілін есепке алмауы себеп болған. Бас тартуға еңбек кітапшасындағы мөрдің анық оқылмауы негіз болған. Бұл жазбаларды сотқа дейінгі тәртіппен түзету мүмкін болмаған, себебі кәсіпорын әлдеқашан жұмысын тоқтатқан, ал құжаттары мемлекеттік архивтерге тапсырылмаған.
«Сот талқылауы барысында кәсіпорын қызметін растайтын құжаттардың мемлекеттік архивтерге түспегені, сондай-ақ құқықтық мұрагерлігі туралы мәліметтердің жоқ екені анықталды. Сонымен қатар өтініш беруші еңбек кітапшасының көшірмесін ұсынды, сондай-ақ куәлар жауап беріп, оның аталған кезеңде жүргізуші болып жұмыс істегенін растады», — делінген облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Барлық дәлелдерді зерттей келе, сот өтінішті қанағаттандырды. Зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін қажетті заңды факт анықталды. Сот шешіміне сәйкес, автокөлік кәсіпорнындағы он үш жылдық еңбек өтілі ресми түрде расталды. Қазіргі уақытта сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
