Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да ауылдан кадрлардың кетуін болдырмау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда

СҚО-да ауылдан кадрлардың кетуін болдырмау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда

November 7, 2025 11:00

Барлық деңгейдегі әкімдердің форумында Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдық аумақтардың дамуы талқыланды. Ерекше назар кадр мәселесіне аударылды. Бүгінде өңірде ауылдағы жұмысшы тапшылығы байқалады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысында халық үшін жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Тұрғындарға жұмыс табуға мансап орталықтар мен цифрлық платформалар көмектеседі. Биылдың өзінде 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Алайда кездесуде атап өтілгендей, ауыл тұрғындарының көшуі урбанизация үдерісіне де байланысты.

«Зенченко және К» коммандиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченконың айтуынша, мемлекеттік қолдау арқасында бүгінде кәсіп ашу қиын емес. Дегенмен, ең өзекті мәселе – кадр жетіспеушілігі, әсіресе жастар арасында. Ол ата-аналарды балаларын кішкентайынан еңбекке баулуға шақырды. Ең алдымен, өздері үлгі көрсетіп, еңбек етіп, туған ауылын дамытуға үлес қосу керектігін айтты.

«Біз балалармен еңбек туралы мектептен бастап сөйлесуіміз керек. Мектептен бастап еңбекке баулуға үйрету қажет. Біздің шаруашылықтан жыл сайын 25-28 бала мектеп бітіреді. Барлығы білім алады. Бірақ ауылға қайта оралатындар аз. Мен өз жұмысымда ауыл жастарына үміт артамын», – деді Геннадий Зенченко.

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов те бұл өзекті мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы ауылдық округ әкімдерінің басты назарында болуы тиіс.

«Ауылда кадр әлі күнге дейін қатты жетіспейді. Мұны мен әр кездесуде халықтың өз аузынан естимін… Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Бұл жерде идеологиялық блок та, сіздер – құрметті әкімдер де белсенді жұмыс істеулеріңіз керек», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Shares