СҚО делегациясы Челябіде өткен «Оңтүстік Орал мен Қазақстан: шекара маңы ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» форумында өңір әлеуетін таныстырды

Жұмыс сапары аясында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған өңір делегациясы Челябі облысында өткен «Оңтүстік Орал мен Қазақстан: шекара маңы ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» атты өңіраралық форумға қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басым бағыттардың бірі — өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда ресейлік инвесторлар СҚО аумағында өнеркәсіптік кооперация аясында бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымы көлемі 311 млрд теңгені құрады. Оның басым бөлігі шекаралас өңірлерге тиесілі.
«Форум барысында СҚО-ның инвестициялық, өнеркәсіптік және аграрлық әлеуеті таныстырылып, алдағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары талқыланды. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Челябі облыстары кәсіпкерлерінің қатысуымен B2B кездесулер өтті», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар облыс әкімі Челябі облысының губернаторы Алексей Текслермен ресми кездесу өткізді. Тараптар өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын белгіледі. Солтүстікқазақстандықтар сондай-ақ жетекші өнеркәсіп кәсіпорындарын аралап, заманауи өндірістік қуаттармен, озық технологиялармен және индустриялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесімен танысты.
Ресми сапар аясында облыс делегациясы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне де қатысты.
