СҚО әкімдігінде Имантау-Шалқар курорттық аймағының туристік тартымдылығын арттыру мәселелері талқыланды

Петропавл қаласында ішкі туризмді дамыту мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті. Жиынды Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов жүргізді. Кездесуге Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қатысып, саланың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Кеңес жұмысына сондай-ақ «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының өкілдері, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мамандары, «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері, облыстың салалық басқармаларының басшылары мен инвесторлар қатысты.
Қатысушылар туристік инфрақұрылымды дамыту, инвестициялар тарту және Имантау-Шалқар курорттық аймағының туристік тартымдылығын арттыру мәселелерін жан-жақты қарастырды. Елдегі басым туристік бағыттардың бірі саналатын бұл аймақты одан әрі дамытуға бағытталған шараларға ерекше назар аударылды.
«ZOLO Group компаниясының бас директоры Юлия Золотых туристік дестинацияларды кешенді дамыту және демалушылар үшін заманауи әрі жайлы орта қалыптастыру бойынша ұсыныстарын таныстырды», – деп хабарлады СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы.
Кездесу қорытындысында тараптар өңірдің туристік әлеуетін толық ашуға, туристік қызметтердің сапасын арттыруға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
