Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Балаларды қорғау күні Петропавлда ондаған интерактивті және шығармашылық алаң ұйымдастырылды

Балаларды қорғау күні Петропавлда ондаған интерактивті және шығармашылық алаң ұйымдастырылды

June 1, 2026 20:42

Петропавл қаласында Халықаралық балаларды қорғау күні кең көлемде әрі жарқын түрде аталып өтті. Қаланың орталық алаңы бірнеше сағатқа балалар шығармашылығының, білім мен ойын-сауықтың нағыз орталығына айналды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Мерекенің басты оқиғасы жүздеген бала мен олардың ата-аналарын жинаған «Қазақстан балалары» атты концерттік бағдарлама болды. Алайда алаңның барлық аумағында ұйымдастырылған көптеген интерактивті алаңдар да тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Мектептер, колледждер, кітапханалар мен мемлекеттік мекемелер балалар үшін ондаған қызықты іс-шара әзірледі. Олардың қатарында шеберлік сабақтары, викториналар, көрмелер, танымдық ойындар, заманауи технологиялардың таныстырылымдары және түрлі мамандықтармен таныстыру бағдарламалары болды.

Ең ерекше алаңдардың бірі Назарбаев Зияткерлік мектебінің робототехника аймағы болды. Мұнда балалар роботтардың көмегімен ұйымдастырылған ұлттық көкпар ойынының заманауи үлгісі – Robocock Park жарысына қатысты.

«Бұл – бәрімізге таныс ұлттық көкпар ойынының роботтар арқылы өткізілетін түрі. Балалар қызыл және көк командаларға бөлінеді. Мақсат – роботтың көмегімен нысанды іліп алып, оны қазандыққа жеткізу арқылы командаға ұпай әкелу. Роботтарды өзіміз мектеп базасында құрастырдық. Олар толықтай Arduino платформасы негізінде жасалған», – деді НЗМ инженерия пәнінің мұғалімі Әділхан Сейтқазиев.

Өздерінің мазмұнды бағдарламасын Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы да ұсынды. Кітапхана қызметкерлері жас оқырмандар үшін әдеби викториналар, зияткерлік ойындар мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырды.

Кітапхана бөлімінің жетекшісі Гүлия Ережепованың айтуынша, барлық тапсырмалар кітап пен әдебиет тақырыбына арналды. Балалар шығармалар авторларын, ертегі мен әңгіме кейіпкерлерін анықтап, викторина сұрақтарына жауап берді, әдеби лото ойнап, мақал-мәтелдер бойынша білімдерін сынады.

«Балалар заманауи ертегілердің кейіпкерлерін, әдеби персонаждарды, өлеңдер мен шығармалардың авторларын табады. Планшеттердегі тапсырмалар арқылы әдеби кейіпкерлерді анықтайды. Қатысушыларға балмұздақ пен тәтті сыйлықтар беріледі», – деді ол.

Қызмет көрсету саласы колледжінің шатырында да ерекше қызығушылық байқалды. Мұнда студенттер балаларға тегін аквагрим жасап, түрлі сәнді шаш үлгілерін өріп берді. Мереке бойы шеберлердің алды босамады.

«Кез келген бала өзіне ұнаған шаш үлгісін немесе аквагримді таңдай алады. Мұның барлығы тегін жасалады. Кезек өте көп, балалар үздіксіз келіп жатыр», – деді өндірістік оқыту шебері Вероника Хворова.

Солтүстік Қазақстан кәсіптік даярлау және сервис колледжі мереке қонақтарын тәтті сыйлықтармен қуантуды жөн көрді. Оқу орны өзінің омартасынан алынған бал өнімдерін ұсынып, балаларды балмен дәм татқызды.

«Біздің колледж – Қазақстанда омарташы мамандығын оқытатын жалғыз оқу орны. Өз омартамыз бар. Сондықтан осындай мерекеде балаларға тәтті сый жасауды ұйғардық», – деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Марина Бугреева.

Заманауи технологияларды Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенттері таныстырды. Көрме алаңында роботтар көрсетіліп, 3D модельдеу жобалары ұсынылды және виртуалды шындық көзілдіріктерін пайдаланып көруге мүмкіндік жасалды.

«Бізде ІТ бөлімі, робототехника, 3D модельдер және VR-көзілдіріктер бар. Бұл роботтарды өзіміз сабақ барысында құрастырамыз. Балалардың заманауи технологиялар мен ІТ саласына қызығушылығын арттыру үшін оларды сынап көруге мүмкіндік береміз», – деді екінші курс студенті Ералы Жансұр.

Танымдық бағдарламаны медициналық колледж студенттері де дайындады. Олар алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін көрсетіп, қан қысымын, бой мен салмақты өлшеп, медициналық жабдықтардың жұмысын таныстырды.

«Біз қан қысымын, қант деңгейін, бой мен салмақты өлшейміз. Жүрек-өкпе реанимациясын қалай жасау керектігін көрсетеміз. Сонымен қатар дефибрилляторлар, манекендер және басқа да құрал-жабдықтарды алып келдік», – деді бірінші курс студенті Данил Николайзин.

Мерекеге Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де белсенді қатысты. Балалар үшін арнайы интерактивті алаңдар, байқаулар, викториналар ұйымдастырылып, сыйлықтар таратылды. Құтқарушылардың көрсетілімдері мен өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникаларының көрмесі ерекше қызығушылық тудырды.

Жас қонақтар төтенше жағдайлар қызметінің жұмысымен жақынырақ танысып, арнайы киім элементтерін киіп көріп, өздерін нағыз өрт сөндіруші-құтқарушы ретінде сезінді. Мұндай іс-шаралар балалардың көңілін көтеріп қана қоймай, олардың қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан қалыптастыруға да ықпал етеді.

Shares