Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » «DIGITAL AIMAQ»: Петропавл қаласында аудандық креативті және IT-орталықтардың кураторларына арналған оқыту басталды

«DIGITAL AIMAQ»: Петропавл қаласында аудандық креативті және IT-орталықтардың кураторларына арналған оқыту басталды

February 9, 2026 17:15

Петропавл қаласында Qyzyljar Creative Center базасында «DIGITAL AIMAQ» жобасы аясында аудандық креативті және IT-орталықтардың жұмысын ұйымдастыруға арналған бес күндік оқыту басталды. Солтүстік Қазақстан облысының 13 ауданынан келген 26 маман заманауи цифрлық алаңдарды басқару стандарттарына толықтай бойлайды, деп хабарлайды QZ NEWS.

Еске салайық, «DIGITAL AIMAQ» жобасы аудандық деңгейде жастар бастамаларын, кәсіпкерлікті, стартаптарды және креативті индустрияларды қолдауға арналған қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыруды, сондай-ақ қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуды көздейді. Qyzyljar Creative Center және SKO Hub директоры Нұргүл Болатованың айтуынша, бес күндік интенсивке аудандық IT-орталықтардың кураторлары қатысуда.

«Оқыту барысында бірнеше формат қарастырдық. Бірінші күні қатысушылар орталықтың қызметімен танысады. Біз олар үшін Креативті орталықтың барлық локацияларын аралатып, әр кеңістікте қандай іс-шаралар өтетінін түсіндірдік. Одан кейін SKO Hub пен Креативті орталықтың миссиясы мен міндеттері туралы айтамыз. Кофе-брейк кезінде қатысушылар бір-бірімен жақынырақ танысып, кімнің немен айналысатынын, қандай қызығушылықтары бар екенін біледі. Алғашқы күні ақпаратпен шамадан тыс жүктемей, қатысушылар өзара таныса алатын тимбилдинг өткізуді жөн көрдік», – дейді Нұргүл Болатова.

Бес күндік оқыту заманауи IT-хабтың барлық қызмет бағытын қамтиды: VR-көзілдіріктерді, дрондар мен 3D-принтерлерді пайдалану және техникалық регламенттен бастап, дизайн мен PR саласында нейрожелілерді қолдануға дейін. Қатысушылар Google Workspace құралдарын операциялық бақылау үшін меңгереді, KPI жүйесін зерттейді және өз алаңдарын дамыту үшін бюджеттен тыс қаржы тарту жолдарын үйренеді. Нұргүл Болатованың айтуынша, бағдарлама барынша белсенді қатысу қағидатына негізделген.

«Яғни, әр аудандық орталықта IT-орталықтың жетекшісі, IT бағытының кураторы және медиа бағытының кураторы болады. Осы бағыттардың барлығы оқыту бағдарламасына енгізілген. Әр маман өзінің қызметтік және лауазымдық міндеттерін нақты түсінетін болады. Сонымен қатар бір-бірімен, аудан кәсіпорындарымен, мемлекеттік органдармен және тұрғындармен өзара әрекеттесу алгоритмі де айқындалады. Қандай іс-шаралар, қай форматта, қандай аудиторияға арналғаны және оларды бізбен қалай үйлестіріп өткізетіні де нақты белгіленеді», – деп түсіндірді Нұргүл Болатова.

Айта кетейік, СҚО-дағы барлық аудандық креативті және IT-орталықтар ашылғаннан кейін де осындай оқыту семинарлары мен интенсивтерді өткізу жоспарланып отыр.

«Біз тағы бір бірлескен семинар ұйымдастырамыз. Сол жерде аудандарда өткізілген іс-шаралардың нәтижелері таныстырылады. Сондай-ақ Айыртау ауданына көшпелі семинар өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл тимбилдинг форматында өтеді, оған Астана мен Алматы қалаларынан спикерлер шақырылмақ. Бұдан бөлек, жыл соңында қорытынды форум өткізіп, онда аудандар өз қызметінің нәтижелері мен жобаларын ұсынатын болады», – деп бөлісті Qyzyljar Creative Center және SKO Hub директоры.

Shares