Петропавл әуежайының базасында «Qyzyljar» АЭА-ның №8 жаңа қосалқы аймағы құрылады

Қазақстан Республикасының Үкіметі Петропавл әуежайына іргелес аумақта арнайы экономикалық аймақ «Qyzyljar»-дың жаңа қосалқы аймағын құруды қолдады. Бұл мәселе Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту және заманауи авиациялық хабтар қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда. Премьер-министр Президент тарапынан әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, шетелдік және отандық капиталды тартуға қолайлы жағдай жасау бойынша стратегиялық міндет қойылғанын атап өтті.
«“Qyzyljar” АЭА-ның №8 қосалқы аймағын құру заманауи көлік-логистикалық алаң қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ол қойма инфрақұрылымын дамытуға, өнімді терең өңдеуге, экспорттық логистикаға және халықаралық жүк тасымалдарына қызмет көрсетуге бағытталады», — делінген СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының хабарламасында.
Жобаның іске қосылуы өңірге жаңа инвестиция тартуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға және солтүстік өңірдің транзиттік әлеуетін сапалы түрде кеңейтуге мүмкіндік береді.
