Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл кәсіпкерлеріне қаржылық қауіпсіздік туралы түсіндірілді

Петропавл кәсіпкерлеріне қаржылық қауіпсіздік туралы түсіндірілді

August 20, 2026 13:28

Петропавлдағы Qyzyljar Creative Center алаңында жергілікті бизнес қауымдастықтың сарапшы Дмитрий Казанцевпен кездесуі өтті. Іс-шара «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның өңірлік филиалымен бірлесіп ұйымдастырылды. Кездесуде қаржылық сауаттылық ұғымы және алаяқтық схемалардан қорғану жолдары талқыланды, деп жазады QZ News тілшісі.

Маман қатысушыларға кірістер мен шығыстарды жоспарлау, қаражат жинақтау және түрлі қаржылық құралдарды пайдалану туралы ақпарат берді. Сонымен қатар депозиттер, облигациялар мен акциялар, сондай-ақ инвестиция салу кезіндегі тәуекелдер туралы сөз болды.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ СҚО бойынша өңірлік филиалы директорының орынбасары Саржан Серікбек қаржылық сауаттылықтың жеке қаржы үшін ғана емес, кәсіпкерлер үшін де маңызды екенін атап өтті. Қор кәсіпкерлерге қаржылық қана емес, қаржылық емес қолдау да көрсетеді. Оған оқыту, кеңес беру және ақпараттық көмек жатады. Бұл қызметтер бизнестің тұрақты дамуына ықпал етеді.

Ол сондай-ақ «Даму» қорының базасында Бірыңғай фронт-офис жұмыс істейтінін айтты. Мұнда кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шаралары мен қаржыландыру мәселелері бойынша кеңес ала алады. Сонымен қатар облыс аудандарына барып, кәсіпкерлерге жергілікті жерде кеңес беретін Мобильді фронт-офис те жұмыс істейді.

«Қазіргі кәсіпкер үшін қаржы алып қана қою емес, оны дұрыс басқара білу, бизнестің дамуын жоспарлау және тәуекелдерді бағалау маңызды. Сондықтан біз қаржылық сауаттылық пен оқытуға үлкен мән береміз. Дмитрий Казанцевпен бірлескен кездесулер кәсіпкерлер мен облыс тұрғындары үшін осындай мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді», – деді Саржан Серікбек.

Кездесуге қатысушылар Қазақстандағы жетекші сарапшылардың бірінен өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ кәсіпкерлер қаржыны дұрыс басқару, инвестициялау және қаржылық тәуекелдерден қорғану жолдары туралы толығырақ ақпаратқа қанықты.

Shares