Петропавл қаласында 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізуде

Петропавл қаласында және Заречный кентінде ауқымды су тасқынына қарсы шаралар жүргізілуде. ҚР ТЖМ-нің 28237 әскери бөлімінің жеке құрамы тұрғын үйлерді су басу қаупін барынша азайту үшін күшейтілген режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Қазіргі таңда құтқарушылардың негізгі міндеті — қорғаныс бөгеттерін жасау. Әскери қызметшілер инертті материалмен толтырылған қаптарды жаппай дайындап жатыр.
«Су тасқынына қарсы жұмыстар басталғалы бері 6000 қап дайындалды, сондай-ақ шамамен 8000 текше метр қар тазартылды. Жедел шараларға 47 әскери қызметші және 3 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Жұмыс бір сәтке де тоқтамайды, себебі гидрологиялық жағдай кез келген уақытта өзгеруі мүмкін», — делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.
Әсіресе ойпаң жерлер мен әдетте табиғи апаттың алғашқы соққысына ұшырайтын аймақтарға ерекше көңіл бөлінуде.
