Петропавлда «Эко IQ: Таза Қазақстан» ойыны өтті

Петропавлда Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж базасында жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Эко IQ: Таза Қазақстан» зияткерлік ойыны өтті. Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, оған 50–60-қа жуық студент қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Ұйымдастырушы – Қоғамдық даму және ақпарат орталығының жастар бастамалары бөлімі. Ойынның негізгі мақсаты – студенттердің экология мәселелеріне назарын аудару, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, сондай-ақ сыни ойлау мен командалық жұмыс дағдыларын дамыту болды.
Зияткерлік сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар экология тақырыбы бойынша – жалпы ұғымдардан бастап, қалдықтарды кәдеге жаратуға қатысты нақты нормаларға дейінгі сұрақтарға жауап берді. Екінші кезең ойталқы форматында өтіп, командалар экологиялық терминдерді жылдам түсіндіріп, мүмкіндігінше көп ұпай жинауға тырысты.
Ойын қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, олар І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Барлық қатысушыларға да естелік дипломдар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Іс-шара ұйымдастырушысы, Қоғамдық даму және ақпарат орталығы жастар бастамалары бөлімінің маманы Алмагүл Ғаббас мұндай форматтың кездейсоқ таңдалмағанын атап өтті.
«Зияткерлік ойындарды өткізу идеясы жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған бастамамыздың бір бөлігі ретінде пайда болды. Біздің мақсатымыз – тек студенттерді оқыту ғана емес, олардың сыни ойлауын және командалық жұмысын дамыту. Сондықтан ойын қазіргі экологиялық мәселелерді, соның ішінде қалдықтарды сұрыптау мен биоалуантүрлілікті сақтау тақырыптарын талқылауға тиімді алаң болады деп шештік.
Қатысушылар алған білімдерін өмірде қолданады деп сенеміз», – деді Алмагүл Ғаббас.
Өңірде мұндай интерактивті іс-шаралар жақсы дәстүрге айналып келеді. Соңғы жылдары «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жастармен жұмысқа ерекше көңіл бөлініп, оларды тәжірибелік форматтар арқылы тарту күшейіп отыр. Бұл тәсіл жастарға экологиялық күн тәртібін танып қана қоймай, оны жеке деңгейде түсінуге мүмкіндік береді.
Өз әсерімен ойын қатысушыларының бірі – екінші курс студенті Мәди Қалиев бөлісті.
«Бір сағаттың ішінде қаншама қызықты ақпарат алуға болатынына таңғалдым. Ойын барысында біз тек жарысып қана қоймай, пікір алмасып, қаламыздағы экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде өз ойларымыз бен ұсыныстарымызды ортаға салдық. Әрбір жалау белгілі бір мемлекетті ғана емес, маңызды экологиялық тақырыптар мен бастамаларды да білдірді. Бұл ойынға ерекше қызығушылық пен серпін берді. Жалпы, бұл ойын мен үшін қызықты тәжірибе ғана емес, маңызды іске өз үлесімді қосу мүмкіндігі болды. Экология тақырыбы мен үшін маңызды, бәрі өзімізден, кішігірім қадамдардан басталады деп ойлаймын», – деді ол.
