Петропавлда заманауи саңырауқұлақ фермасы іске қосылды

Петропавл қаласында «Eco Glade» саңырауқұлақ фермасы іске қосылды. Мұнда жыл сайын 2 000 тоннадан астам шампиньон өсіріледі. Ашылу рәсіміне ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Саңырауқұлақ фермасының құрылысы 2023 жылы басталған. Қазіргі таңда шампиньон өсіруге арналған алғашқы 6 камера іске қосылды. «Eco Glade» ЖШС-не салынған инвестиция көлемі 10 млрд теңгені құрады.
«Биыл құрылысты аяқтау үшін бұл фабрикаға шамамен 2 млрд теңге бөлдік. Зауыттың салынғанына, жұмыстың жүріп жатқанына көз жеткіздім. Компания басшылығына алғыс айтқым келеді – барлығы заманауи деңгейде жасалған», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Жыл сайын өндірілетін саңырауқұлақ көлемі 2 000 тоннадан асады деп күтілуде. Алайда кәсіпорын аумағын кеңейту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта ферма екінші кезеңді қаржыландыруды күтуде. Ол іске қосылғаннан кейін шампиньон өндіру көлемі екі есеге артып, жылына 4 000 тоннадан асады.
Ферманың іске қосылуы импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта шампиньондар еліміздің өңірлеріне ғана емес, шетел нарығына да жеткізілмек.
«Қазақстан жыл сайын Беларусь пен Ресейден шамамен 8 000 тонна саңырауқұлақ импорттайды. Жобаны толық жүзеге асырған соң, импорттың жартысын өзіміз өндіре аламыз», – деді «Eco Glade» ЖШС директоры Екатерина Асаёнок.

Ферма толық циклді өндіріс болып табылады. Мұнда саңырауқұлақ өсірумен қатар, компост-субстрат та өздігінен дайындалады. Ол үшін екі бөлек аумақ қарастырылған.
Кәсіпорында арнайы техника да бар: үгінді тасымалдайтын көлік пен субстратты камераларға тиеуге арналған поляк комбайны. Екатерина Асаёноктың айтуынша, субстрат өсіру сөрелеріне орналастырылады. 18 күннен кейін компосттың орнында шампиньондар өсіп шығады.

Камералардағы жағдайды қашықтан бақылауға болады. Арнайы гаджеттер арқылы технологтар мен өндіріс басшылары температураны, көмірқышқыл газының деңгейін бақылап, ауа айналымын реттей алады.
Жобаның іске қосылуымен 60-тан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті екі есеге жуық арттыру жоспарлануда.
