Петропавлда жедел жәрдем бригадалары 50 минутқа созылған клиникалық өлімнен кейін ер адамды аман алып қалды

Петропавл қаласында облыстық жедел медициналық жәрдем көрсету орталығының фельдшерлік және дәрігерлік бригадалары 60 жастағы ер адамға сәтті реанимация жасады. Науқас шамамен бір сағатқа жуық клиникалық өлім жағдайында болған, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Оқиға орнына келген фельдшерлер Айдын Жеңісов, Тагир Қайыр және жүргізуші-парамедик Сағындық Мұқашев науқасты тіршілік белгілерінсіз тапқан. Ер адамда ес-түс, тыныс алу және тамыр соғысы болмаған. Медициналық қызметкерлер дереу «Көк код» хаттамасын іске қосып, дефибрилляция мен жанама жүрек массажын қолдана отырып, халықаралық ACLS стандарттары бойынша реанимацияны бастаған.
«Дефибрилляциядан кейін 2 минут өткен соң 200 Джоуль, көктамырға 1 мг адреналин енгізілді. Келесі стоп-талдау кезінде үшінші 200 Джоуль дефибрилляциядан кейін 300 мг сантадарон көктамырға енгізілді. Қосымша шақыртуға дәрігерлік бригада келді: Кенжетаев Исламбек Алейдарович, Ремба Александр Александрович және жүргізуші-парамедик Қарғабаев Мейірхан Жаламанович. Бірлескен реанимациялық шаралар жалғасты: трахеяны интубациялау, жанама жүрек массажы/ИВЛ (асинхронды режимде), дефибрилляция және дәрі-дәрмек енгізу.
Реанимация басталғаннан кейін 50 минут өткенде өздігінен тыныс алу, ұйқы артериясында пульсация пайда болып, гемодинамика тұрақсыз болса да қалпына келе бастады», — делінген облыстық жедел жәрдем орталығының хабарламасында.
Ер адам кома жағдайында көпбейінді қалалық аурухананың реанимация бөліміне жеткізілді. Жедел жәрдем қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі мен дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында науқас есін жиып, емдеу курсынан кейін үйіне аман-есен шығарылды.
