Петропавлдағы жол өткелін пайдалануға беру 2026 жылдың жазына шегерілді

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапары барысында облыс орталығындағы маңызды жол өткелінің құрылыс барысын тексерді. Бастапқы мердігердің міндеттемелерді тиісінше орындамауына байланысты нысанды тапсыру мерзімі 2026 жылдың жазына қалдырылды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Алғашында құрылысты биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған еді. Алайда міндеттемелердің сапасыз орындалуы және ҚР заңнамасының бұзылуына байланысты бас мердігер — «БУКА» ЖШС-мен келісімшарт бұзылды.

Тәртіпбұзушылықтарға қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жұмыстарды аяқтау үшін жергілікті «Құрылыс Сервис» ЖШС-мен келісім жасалды. Нысанда жұмыстар екі ауысыммен ұйымдастырылып, 40-тан астам маман мен 30 бірлік техника жұмылдырылған. Жұмыстардың сапасы техникалық қадағалау тарапынан тұрақты бақылауда.

Қазіргі таңда көпір өтпесінің темірбетонды конструкциясы толық дайын. Сонымен қатар үйінді бөгетті жасау, тіреу қабырғасын тұрғызу және нөсерлік кәріз жүйесін салу жұмыстары аяқталуға жақын.
Ауа райына тәуелді емес жұмыстар ағымдағы кезеңде толық орындалады. Ал жылы мезгілді қажет ететін жұмыстар (асфальт төсеу және көгалдандыру) жаз мезгілінде жүргізіледі.
Нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың жазына жоспарланып отыр.
