Петропавлдық жоғары сынып оқушылары СҚО сот жүйесінің жұмысымен танысты

Петропавл қаласының жоғары сынып оқушылары Солтүстік Қазақстан облысының сот жүйесінің жұмысымен танысты. Іс-шараны ҚР Сот әкімшілігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ұйымдастырды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
№28 орта мектептің 10–11 сынып оқушылары үшін «Ашық есік күні» өткізілді. Шараның мақсаты – жастарды сот жүйесімен және заң саласындағы мамандықтармен таныстыру. Кездесудің басты мақсаты – оқушылардың болашақ мамандықты саналы түрде таңдауына бағыт беру. Оқушылар сот қызметінің ерекшеліктері, үміткерлерге қойылатын талаптар және құқық саласындағы мансаптық мүмкіндіктер туралы тікелей ақпарат алды.
Сот мамандығы туралы жан-жақты мәліметті Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әсел Оспанбаева ұсынды. Ол судья қызметіне қажетті кәсіби және жеке қасиеттер туралы айтып, жауапкершілік, әділдік және тәуелсіздік қағидаттарына ерекше тоқталды.
Кәмелетке толмағандардың қатысуымен қаралатын істердің ерекшеліктері туралы Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Диаз Идрисов баяндады. Ол балалар мен жасөспірімдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңыздылығын атап өтті.
Ал әкімшілік құқық бұзушылықтарды қарау тәжірибесімен Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының судьясы Гүлжан Талеева таныстырды. Ол әкімшілік істердің негізгі санаттары мен оларды қарау тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ оқушыларға Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимараты бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Жоғары сынып оқушылары сот отырысы залдарын аралап, кеңсе жұмысы және сот отырысының хатшысының қызметімен танысты. Бұл олардың соттың күнделікті қызметі туралы толық түсінік алуына мүмкіндік берді.
Кездесу соңында кадрлар бөлімінің басшысы Арман Абдрахманов оқушыларға қызығушылық танытқандары үшін алғыс айтып, мұндай шаралардың жастардың кәсіби бағдарлануындағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, осындай кездесулер құқықтық сауаттылықты арттырып, заңға деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді.
