Серпінді даму үшін алты жоба: Kozybayev University-де ғылыми хакатон басталды

Kozybayev University базасында «Ғылым мен бизнес – СҚО өңірлік өсімінің негізі: 2026–2028» атты өңірлік стратегиялық сессия өз жұмысын бастады. Іс-шара ғылыми-іскерлік хакатон форматында өтуде, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Үш күн бойы ғылым, бизнес және мемлекеттік құрылым өкілдері Солтүстік Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені мен өнеркәсібін дамытуға бағытталған жобаларды бірлесіп әзірлейді.
Шара СҚО әкімдігінің, Ғылым қоры және SIMCON консалтингтік компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды. Стратегиялық сессия жұмысына СҚО әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Арман Ашкин, бизнес өкілдері, ғалымдар мен салалық сарапшылар қатысуда.
Хакатонның негізгі мақсаты – өңірлік маңызы бар алты ірі ғылыми-инновациялық жобаны қалыптастыру және ғылыми ұжымдар мен кәсіпорындар арасында тұрақты серіктестік орнату. Жұмысқа өңірдегі 50-ге жуық компания қатысып, өздерінің өндірістік және технологиялық сұраныстарын ұсынды.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаевтың айтуынша, заманауи технологияларды енгізу өңірдің одан әрі дамуының маңызды шартына айналып отыр.
– Бүгінде өңір алдында аграрлық сектордағы позициясын сақтап қана қоймай, заманауи технологияларды белсенді енгізу міндеті тұр. Осындай алаңдар ғылым, бизнес және мемлекеттің күш-жігерін нақты өндірістік мәселелерді шешуге жұмылдыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Қатысушылардың жұмысы үш негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылған: өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және машина жасау. Қарастырылып жатқан жобалардың қатарында еріген қар суларын басқару жүйелері, топырақ құнарлылығын мониторингтеу, ауыл шаруашылығы жануарларын дәлме-дәл азықтандыру технологиялары, генетикалық селекция, реверстік инжиниринг және өндірісте 3D-басып шығару технологияларын қолдану мәселелері бар.
«Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Арман Ашкиннің айтуынша, мұндай алаңдар ғылыми идеяларды нақты өндірістік шешімдерге айналдыруға мүмкіндік береді.
– Біздің мақсатымыз – ғылыми әзірлемелердің нақты өндіріске жетуіне көмектесу. Ғалымдар мен кәсіпкерлер бірлесе жұмыс істеген кезде елеулі экономикалық нәтиже беретін жобалар пайда болады, – деді ол.
Стратегиялық сессия әзірленген жобаларды облыс басшылығы мен даму институттарына таныстырумен қорытындыланады. Үздік бастамалар өңір кәсіпорындарында инновацияларды енгізудің негізіне айналуы мүмкін.
