Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да далада көлігімен адасып кеткен ауыл тұрғыны табылды

СҚО-да далада көлігімен адасып кеткен ауыл тұрғыны табылды

December 14, 2025 12:26

Солтүстік Қазақстан облысындағы Қарашілік ауылының маңында жүргізілген іздестіру-құтқару операциясы сәтті аяқталып, жергілікті тұрғын табылды. Жеке автокөлігімен мал іздеуге шыққан ер адам 12 сағаттан астам уақыт бойы байланысқа шықпаған соң, оның жақындары көмек сұрап жүгінген, деп хабарлайды QZ NEWS.

СҚО ТЖД мәліметінше, оқиға орнына жедел түрде Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары мен полиция департаментінің қызметкерлері аттанған. Іздеу жұмыстары түнгі уақыт пен бағдардан адасу оңай болатын кең дала аумағына байланысты күрделене түскен.

«Таңға жуық іздеу топтары жоғалған ер адамды Қарашілік ауылынан 15 шақырым қашықтықта тапты. Белгілі болғандай, көлігі істен шығып, байланыс болмағандықтан және далада бағдарын жоғалтқандықтан, ол түнді суық автокөліктің ішінде өткізуге мәжбүр болған. Ауыл тұрғынына медициналық көмек қажет болмады», – делінген хабарламада.

Табылған тұрғын құтқарушылар мен полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті үшін шынайы алғысын білдіріп, олардың кәсібилігі мен ұйымшыл жұмысына жоғары баға берді.

Shares