СҚО кәсіпкерлеріне маңдайша жазулардағы қателер үшін 25 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін

Петропавлда мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттың сапасын арттыруға бағытталған «Сауатты көрнекі ақпарат — ортақ ісіміз» акциясы жалғасуда, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Қоғамдық ұйым өкілдері, еріктілер және тіл саясаты саласының мамандары сауда үйлерін, дүкендер мен түрлі мекемелерді аралап, маңдайша жазуларды, баннерлер мен мәзірлерді тексеруде.
Акцияны ұйымдастырушы — СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы. Негізгі мақсат — кәсіпкерлерге тіл саясаты саласындағы заң талаптарын еске салу және қателерді түзету бойынша әдістемелік көмек көрсету. Рейдке қатысушылардың айтуынша, сыртқы жарнама мен ақпараттық тақтайшаларда міндетті түрде қазақ тіліндегі мәтін болуы тиіс. Сонымен қатар жазудың сауаттылығы мен безендірілу сапасына ерекше назар аударылады.
«Заңбұзушылық анықталған жағдайда кәсіпкерлерге алдымен ескерту беріледі. Егер қателер түзетілмесе, 5-тен 25 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған», — деді СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бөлімінің басшысы Әсел Бимақанова.
Кезекті рейд барысында белсенділер Петропавлдағы Орталық базар маңындағы бірнеше нысанды тексерді. Тексерушілердің айтуынша, заңбұзушылықтар жиі кездеседі. Кейбір қоғамдық тамақтану орындарында мәзір тек орыс тілінде ұсынылған, мемлекеттік тілдегі нұсқасы жоқ.
«Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Солтүстік Қазақстан филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов акцияның сәуір айында басталғанын және қазірдің өзінде облыс орталығындағы 70-тен астам нысанды қамтығанын айтты.
«Тексерілген нысандардың жартысына жуығында түрлі кемшіліктер анықталды», — деді ол.
Акция жыл соңына дейін жалғасады. Жоспар бойынша тек Петропавлда ғана емес, СҚО аудандарындағы 350-ден астам нысан тексеріледі.
