СҚО-ның үздік емханалары анықталды

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы «МСАК көшбасшысы» атты ауқымды байқаудың қорытындысын шығарды. Сарапшылар халыққа қызмет көрсетуде ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген медициналық ұйымдарды анықтады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Биыл өңірдің 19 медициналық ұйымы, оның ішінде 13 аудандық аурухана мен 6 қалалық емхана атақ үшін бақ сынады. Айта кетерлігі, байқауға мемлекеттік мекемелермен қатар мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін жекеменшік медициналық орталықтар да қатысты.

Тамыз-қараша айлары аралығындағы төрт айлық мониторинг нәтижесі бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласында үздік деп танылғандар тек аудандық медициналық ұйымдар болды:
Явленка аудандық ауруханасы — 1 орын;
Ақжар аудандық ауруханасы — 2 орын;
Уәлиханов аудандық ауруханасы — 3 орынды иеленді.
Жеңімпаздар дипломдармен, кубоктармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Байқаудың басты мақсаты — жеңімпаздарды анықтау ғана емес, медициналық қызметтердің сапасын арттыруды ынталандыру. «МСАК көшбасшысы» мониторингі тіркеу бөлімдерінің жұмысы, жалпы практика дәрігерлерінің біліктілігі мен профилактикалық тексерулердің тиімділігін айқындауға мүмкіндік береді. Мұндай бәсекелестік медициналық ұйымдарды пациентке қызмет көрсетуге бағыттап, облыс тұрғындарының денсаулығына тікелей оң әсерін тигізеді.
