СҚО-да бірқатар мемлекеттік мекеме жер асты суларын заңсыз пайдаланған
Аққайың ауданы орман шаруашылығының лауазымды адамдары Қазақстан Республикасы Су кодексінің 66 – бабының талаптарын бұза отырып, ұңғыманы бұрғылап, жер асты суларын рұқсатсыз пайдаланған, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының хабарлауынша, талдау шеңберінде жер асты суларын суды арнайы пайдалануға рұқсатсыз, өндіруге әкеп соққан жүйелі бұзушылықтар анықталды.
“Осыған ұқсас бұзушылықтар басқа 19 мемлекеттік органда анықталды. Бұл – Жамбыл, Қызылжар, Есіл аудандарының білім бөлімдері, Айыртау, М.Жұмабаев, Мамлют, Тайынша, Тимирязев аудандары әкімдерінің аппараты, «Пресновка, Булаев, Есіл» орман шаруашылықтары”,- делінген СҚО прокуратурасының хабарламасында.
Қолда бар дерекке сүйенсек, облыс прокуратурасының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актісі бойынша мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары ӘҚБтК-нің 141-бабы бойынша жалпы сомасы 423 680 теңгеге айыппұл түрінде әкімшілік жауаптылыққа тартылды, рұқсат құжаттарын алу бойынша шаралар қабылдануда.
Қадағалау органы су объектілерін заңсыз басып алғаны және суды заңсыз пайдаланғаны үшін ӘҚБтК-нің 141-бабы бойынша жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік айыппұл түрінде 103 500-ден 897 000 теңгеге дейін қарастырылғандығы туралы еске салады. Прокуратура азаматтарды қолданыстағы заңнаманың талаптарын сақтауға шақырады.