Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » “Шығыс бөлігінде сұрақтар бар”: СҚО әкімдігінің отырысында қаржылық тәртіп туралы айтылды

“Шығыс бөлігінде сұрақтар бар”: СҚО әкімдігінің отырысында қаржылық тәртіп туралы айтылды

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шаралары облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында талқыланды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысушылар алдында сөз сөйлеп, бюджеттік және салықтық саясаттың тиімділігін арттыру, қаржылық тәртіпті қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.

“Егер жалпы кіріс бөлігінде проблемалар болмаса, онда шығыс бөлігінде сұрақтар бар. Қаржылық тәртіпті сақтау қажет, бюджет қаражаты заң аясында игерілуі керек. Сонымен қатар, біз экономикалық тергеу департаментімен меморандум жасадық, соған сәйкес осы қызметпен тығыз байланыста жұмыс істеу үшін ақпарат беріп отыру қажет. Бағдарламалардың әрбір әкімшісі бюджеттен бөлінген әрбір санның, әрбір теңгенің жауапкершілігін түсінуі тиіс”, – деді отырыста Ғауез Нұрмұхамбетов.

СҚО-да агроөнеркәсіп саласын жаңғырту жұмысы жалғасады. Бұл шаруашылықтардағы техниканы жаңартуға, өнімді қайта өңдеуге, жаңа фермалар салуға әсер етеді.

“Біздің облыстың аграрлық аймақ екенін ескере отырып, барлық күш-жігер дәстүрлі дақылдардан тиімділігі анағұрлым жоғары дақылдарға бағытталуы тиіс. Яғни, соларға күтім жасау есебінен егіс алқаптарын әртараптандыру қажет. Топырақтың құнарлылығын арттыру мақсатында ылғал үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу керек”, – деді СҚО әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев

Бұдан басқа, өңірде жаңа инвестициялық циклді іске қосу шеңбері аясында инвесторларды тарту жөніндегі жұмыс күшейтілетін болады. Құрылыс саласын реттеу – облыстағы тағы бір маңызды міндет. Аймақта мердігерлермен жұмыс істеуге, объектілерді тыңғылықты бақылауға ерекше көңіл бөлінеді.

“Құрметті басшылар, жобалардың кез келген қымбаттауы жергілікті бюджет есебінен өтелуде. Бүгінде шартты орындауға белгілі бір уақыт беріледі. Егер бүгін қымбаттау тіркелсе, онда біздің басшылар басынан бастап уақыт жоғалтады. Олар қажетті жұмыстарды дер кезінде жүргізбейді, соңында мердігер өз міндеттерін орындамайды”, – деді облыс әкімі.

Басты назарда – энергетика мәселелерін шешу. Облыста электр желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту бойынша жол картасы бекітілді. Өңір басшысы жауапты органдарға оның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Shares