Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Ағайынды алаңдатқан мәселелер “AMANAT” қабырғасында талқыға салынды

Ағайынды алаңдатқан мәселелер “AMANAT” қабырғасында талқыға салынды

«AMANAT» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында 2024 жылы азаматтар көп жағдайда қандай проблемалармен бетпе-бет келетіні туралы айтылды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Жалпы жыл басынан бері тұрғындардан 800-ге жуық өтініш келіп түскен. Олардың 49%-ы оң шешілді.

Биыл тұрғындар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласындағы проблемаларға көп шағымдана бастаған. Яғни, азаматтардан келіп түскен өтініштің 36%-ы осы салаға тиесілі. Соңғы уақытта қардың уақытылы шығарылмауына байланысты көптеген сауалдар жолдануда. Негізінен жалғызілікті зейнеткерлер көмек сұрайды. Сондай-ақ, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру – 10%, құжаттандыру және тіркеу (9%), кәсіпкерлік (8,8%), жұмысқа орналастыру және еңбек дауларын шешу (8,5%), тұрғын үй және жер учаскелерін бөлу (5,7%) секілді мәселелер де алаңдатады.

Сонымен қатар, алаяқтардың арбауына түскен азаматтардан көп өтініш келіп түсуде. Жыл басынан облыс бойынша 40-қа жуық адам заң көмегін алған. Партиялықтар консультациядан бөлек, тұрғындарға практикалық көмек көрсетеді.

«Барлық сұрақтарды депутаттармен және партия мүшелерімен бірге шешеміз. Мәселен, Есіл ауданында тұратын азаматтан қатты желдің салдарынан тұрғын үйдің шатыры ұшып кетіп, төбені жөндеу бойынша өтініш келіп түсті. Құрылыс материалын сатып алуға жергілікті кәсіпкер жәрдемдесті. Ал, Мамлют ауданында мәслихат депутаты 7 бала тәрбиелеп отырған қоныс аударушыны жұмысқа орналастырды. Сондай-ақ, үйінің пешін де жөндеп берді. Жақында «мүгедек» және «көпбалалы отбасы» санатындағы 2 үйелмен материалдық көмекке жүгінді. Оларға «Болашақ» филиалының мүшелері көмек қолын созып, азық-түлікпен қамтамасыз етті», – деді «AMANAT» партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гүлфира Рамазанова.

Азаматтар жеке проблемаларымен 8-771-394-16-50 нөмірі бойынша WhatsApp немесе Instagram әлеуметтік желісі арқылы жүгіне алады. Сондай-ақ, call-орталықтың бірыңғай республикалық 8-800-080-44-41 нөмірі жұмыс істейді.

Shares