Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да кәсіпкерлер азық-түлік бағасын асырғаны үшін жазаланды

СҚО-да кәсіпкерлер азық-түлік бағасын асырғаны үшін жазаланды

2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушылардың 605 өтінішін қарады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Ведомство солтүстікқазақстандықтарға 12 067 877 теңге көлемінде ақша қаражатын қайтаруға көмектесті. Оның ішінде бөлшек сауда саласында – 7 213 702 теңге, электрондық сауда саласында – 3 602 050 теңге.

“2023 жылы жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін 2 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, сауда қызметін реттеу саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 31 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 6-ы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асырғаны үшін жазаланды”, – деді СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы. 

2024 жылы осындай құқық бұзушылықтарды 13 кәсіпкерлік субъектісі жасап үлгерген. Олар ұн, күріш, қарақұмық жармасы, сүзбе, май және тауық етінің бағасын көтеріпті. Кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

“Ағымдағы жылдың басынан бастап сауда департаментімен 7 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік ескерту түріндегі жауапкершілікке тартылды. Олар сауда үстемесін асырған. Бұл – супермаркеттердің 4 желісі және 3 көтерме компания. Бағалар рұқсат етілген көрсеткішке дейін төмендетілді”,- деді СҚО бойынша ЭТД аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкіл Мұхаммед-хайр Бағытжанов.

Ол өткен жылы макарон өнімдерін сатуда шамадан тыс делдалдық фактісі анықталғанын да айтты. Тікелей сауда субъектісіне жетпес бұрын, тауар 3 делдал арқылы өткен, бұл өнімнің түпкілікті құнының өсуіне әкеледі. Бұл жағдайда макарон өнімдерінің бөлшек бағасын 490 теңгеден 355 теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік туған. Осыған ұқсас алгоритм қарақұмық жармасына қатысты да болды. Мұнда баға 2374 теңгеден 1710 теңгеге дейін арзандады.

 

 

 

 

Shares