Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл ботаникалық бағында жапон императорларының ағашы гүлдеуде

Петропавл ботаникалық бағында жапон императорларының ағашы гүлдеуде

Мәңгі жасыл ағаш саналатын Мурайя Рут тұқымдасының өкілі болып табылады. Олардың отаны – Үндістан, Үндіқытай, сондай-ақ Ява және Суматра аралдары. Бұл жасыл желек тропикалық ормандарда өскенді жақсы көреді. Солтүстік Қазақстанда да оны көруге болады, бірақ тек ботаникалық бақтың аумағында кездестіресің. Мұнда қазір әдемі ағаш гүлдеп жатыр, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Мурайя Карл Линнейдің шәкірті болған швед ботанигі Юхан Андреас Муррейдің атымен аталды. Ағаштың тарихы шытырман мен аңыздарға толы. Бұл өсімдік ортағасырлық жапон императорлары кезінде тақ мұрагерлері сияқты қорғалған. Оның өзіндік себебі бар. Ағаштың жапырақтарынан, гүлдерінен және жемістерінен “өмір эликсирі” дайындалған. Тіпті халық мурайяның хош иісін жұту адамды сау, әдемі және ақылды етеді деп сенген.

“Ағаш жыл сайын гүлдейді, бірақ әрқашан бір өзгеріс болады. Бұл күн энергиясының мөлшеріне, температураның өзгеруіне, қоректенуге байланысты. Қысқасын айтқанда, көптеген фактор әсер етеді. Мурайя молынан гүлдесе, қалыңдықтай аппай күйге түседі. Нәзік хош иіс бүкіл қысқы баққа таралады. Ағаш жеміс береді. Пішіні бойынша жеміс ұзын шиеге ұқсайды, бірақ оның қабығы қалың, дәл мандариндыкі сияқты тығыз болады”, – деді ботаникалық бақтың директоры Артур Рязапов.

Мурайяны шығыс медицинасы ғана емес, сонымен қатар қазіргі фармацевтер де қолданады. Оның жапырақтары мен жемістерінде гесперидин бар, ол қан тамырларын нығайтуға және капиллярлардың өткізгіштігіне айтарлықтай әсер етеді.

Жемісте ми қызметіне және қартаюды бәсеңдететін жүйке жүйесіне әсер ететін биологиялық белсенді заттар да бар. Сонымен қатар, осы күндері ботаникалық бақта кубалық және кәдімгі лимон гүлдей бастады.

Shares